{metadescription}
Жүргізушілер шетел көлігін заңдастыруға байланысты наразылық білдіруде
Жүргізушілер шетел көлігін заңдастыруға байланысты наразылық білдіруде

Жүргізушілер шетел көлігін заңдастыруға байланысты наразылық білдіруде

Ережемен келіспейді. Алматы мен Қарағандыда жүргізушілер шетел көлігін заңдастыруға байланысты наразылық білдіруде. Олар мініп жүрген машиналарын жеке куәлік және техникалық паспортпен тіркелгенін қалайды. Өйткені шекара асып көліктің заңды иесін табуға құлықсыз. Табуы да екіталай.

Себебі, көліктің көбі елге құрал-сайман ретінде бөлшектеліп келіп, осында қайта құрастырылған немесе сатылған кезде-ақ иесі тіркеуден шығарып жіберген. Ал мұндай көліктің заңдастырылмайтынын ішкі істер министрлігі түсіндіріп әлек.

Шетел нөмірлі көлікті тізгіндеп жүргендердің бірі – Аслан Қасенов. Астындағы темір тұлпарын былтыр қолдан 4 миллион теңгеге сатып алыпты. Елден мұндай төрт дөңгелектіні қалтасын қақпайтын бағаға таппайсың дейді. Осы көлікпен отбасын асырап келген жігіт ағасы кешегі министрліктің ақпаратынан кейін шарасыз күйге түскен.

Аслан Қасенов, Алматы тұрғыны:

Кешегі Лепехин мырзаның айтқаны бойынша, «распил» дейді. Яғни көлікті бөлшектеп, кесіп, жалаңаш қылып әкелу деп айтып отыр. Бізде олай емес. Жапон мемлекетінен портпен Владивастокқа әкеледі. Сол жақтан көлікке жалған техпаспорт пен нөмір салып береді. Сол жақтан төрт дөңгелегін жинап, моторын салып, қайтадан жібереді. Ал біздің Қазақстанға толық көлік болып өтеді. Біз соған сеніп аламыз. Егер бізге бөлшектеп әкеп, құжат жасаңдар десе, ондай кезде жоламаймыз.

Жағдайы жақсы, бағасы қолайлы, бірақ нөмірі шетелдік көлікті алып Аслан сияқты шырылдап жүргендер жетерлік. 100-ге жуық жүргізуші халыққа қызмет көрсету орталығына барып шу шығарды. Темір тұлпарды заңдастыру ережелеріне бәрінің көңілі толмайды.

Серік Қалиев, Алматы тұрғыны:

Даудың басы Дайрабайдың көк сиырынан басталды. Қазақ халқы неге Армениядан, Грузиядан, Ресейден, Жапониядан машина тасып, босып кеттік? Жаман «Равон» автосалонда 6 жарым, 7 миллион теңге тұрады. Сен оны кредитке аласың, оны 2025 есе қылып қайтарып бересің. 7 миллионға алып, 30 миллион қайтарып бересің. Мен құл емеспін.

Самат Иманқұлов, Алматы тұрғыны:

Есептен қалай шығаратынымызды білмейміз. Иесін білмейміз. Ол Қазақстан емес, Армения, Ресей. Әркімге өтіп кеткен. 80 пайыз бұлардың талаптары бізге қиын.

Қарағандыда да осы көрініс. Мұнда 40-тан астам жүргізуші халыққа қызмет көрсету орталығының алдына жиналды. Жұрт қажет болса, көліктің түп тарихына дейін тексерсін дейді. Бастысы, заңдастырып беруін талап етті.

Балқан Тайшыбаев, Қарағанды тұрғыны:

Бізде бұрын құжаты жоқ пәтерлер, жылжымайтын мүлік пен жер учаскелерін заңдастыратын. Қазір көтеріліп жатқан мәселені шешу үшін бір адамға бір көлікті заңдастырып беруі керек. Біздің тізгіндеп жүрген көліктеріміз қазір шығарылып жатқан жаңа темір тұлпарлардан әлдеқайда жақсырақ.

Ішкі істер министрлігі бұл талапқа келіспейтінін жеткізді. Яғни ресми құжаты жоқ көлік заңдастырылмайды.

Қайсар Сұлтанбаев, ҚР ІІМ ӘПК төрағасының міндетін атқарушы:

Біріншіден, олар бұрын да заңсыз пайдаланылғанын атап өткен жөн. Аталған автомобильдер Қазақстанға қосалқы бөлшектер түрінде әкелінген. Кедендік тазартудан өтпеген. Әдетте оларды бөлшектеп сату үшін әкеледі. Екіншіден, осындай автомобильдер Қазақстанда көршілес мемлекеттерде берілген жалған техпаспортпен, жалған мемлекеттік нөмірмен пайдаланылып отырды. Бұндай автомобильдер заңдастырылмайды. Нәтижесінде олар Қазақстаннан тыс жерге шығарылып немесе бөлшектеп сатылуы қажет.

Шарасы таусылған халық көлігімізді заңдастыру үшін күресті тоқтатпаймыз дейді. Кейбірі тіпті аштық жариялауға бекінген.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде