Алматыда аязды күні тағы құбыр жарылды
Алматыда аязды күні тағы құбыр жарылды. Апат салдарынан бүтін бір тұрғын үй кешені жарты тәуліктей жылусыз отырды. Абырой болғанда, төтенше жағдай түнде болып, күйік шалған ешкім жоқ.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
16.01.2023
"Жайлы" тұрғын үй кешенін жылумен қамтамасыз ететін құбыр сағат түнгі екілер шамасында жарылған. Ыстық су аспанға тоқтаусыз атқылап, айнала әп-сәтте көлге айналған. Құдай сақтап, апаттан ешкім зардап шеккен жоқ. Сол маңда тұрған көліктер де бүлінбепті. Жөндеу бригадасы түні бойы көшеге жайылған ыстық суды тоқтатумен әлек боп, тесілген құбырды жамады. Мұз болып қатқан жолдарға құм септі. Жылу мекемесінің өкілдері құбыр қысымға шыдас бермей жарылғанын алға тартады. Оның үстіне күннің күрт суытқаны тағы бар. Ал жылу желісінің пайдалануға берілгеніне жиырма жылдан асыпты.
Самат Тілеукенов, «Жайлы» ТК МИБ өкілі:
- Бірден «Алматы жылу желісіне " хабарластық. Олар апат орнына келіп, жөндеу жұмысына кірісіп кетті. Кәдімгідей субұрқақ болды. Ыстық суды өшіріп, полиция аумақты қоршады. Жұмыс бригадасы тесілген құбырды жамап, шұңқырды жапты. Мына жердің бәрі көл болып,бу будақтады.Түні бойы осы жерде жүрдік. Қазір барлығы қалпына келді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!