Алматыдағы барахолка қоймасынан шыққан өртке қатысты болжам айтылды
Электр жылытқыш құралын дұрыс пайдаланбаған. Алматыдағы барахолка маңындағы қоймадан өрттің шығуына қатысты осындай болжам айтылды. Ал ойда-жоқта алапат өртке ұласқан тілсіз жауды сөндіруге кедергі келтіргендер жауапқа тартылатын болады.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
16.01.2023
Өйткені нысан кеше азаңғы тоғыз жарым шамасында отқа оранса да, толықтай түске таман өшірілген. Қызыл жалынды сөндіруге бақандай төрт сағаттай уақыт кетіпті. Оның бірнеше себебі де бар. Төтеншеліктер лапылдап жанып жатқан қоймаға лезде жеткенімен, сол аумақтағы су көзі, яғни гидранттары істен шыққасын өртті сөндіру біршама қиындапты. Енді өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзған мекеменің иесі жауапқа тартылатын болды. Сондай-ақ қойма тауарға лық толы болғасын, температура 200 градусқа дейін көтеріліпті. Осылайша, нысанның жалпы аумағы 3 мың шаршы метр болса, соның 2 мың шаршы метрі күлге айналған. Қоймада тұрған сантехникалық жабдықтар, ыдыс-аяқ пен аспашамдардың түгі қалмай өртеніп кеткен. Зардап шеккен үш кәсіпкер. Алайда ешқайсысы арыз жазбаған. Төтенше жағдайдан кейін бір тәулік өтсе де, отқа оранған нысаннан әлі будақтап көк түтін шығып жатыр. Қазір мамандар тілсіз жаудың нақты неден тұтанғанын анықтауда.
Арман Мәкенов, Жетісу ауданы ТЖБ бастығы:
- Шынайыға жақын болжам қарастырылуда. Біріншісі, сымдардың қысқаша тұйықталуы және электр жылыту бұйымдарының дұрыс пайдаланбауы. Қасақана өртеу себебі қарастырылып жатқан жоқ. Өрттің уақытылы сөндірілмеуі бойынша барлық жауапты тұлғалар жауапқа тартылатын болады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!