Ақмола облысында жер үй өртеніп, үш адам өлді
Ақмола облысында жер үйден шыққан өрт үш адамды ажал құштырды. Шырт ұйқыда жатқан ерлі-зайыпты мен олардың екі жастағы сәбиі қызыл жалын құрсауынан шыға алмай қалған.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
17.01.2023
Аудан орталығы Атбасардан 120 шақырымдағы Сочинское ауылында өрт түн ортасында басталған. Қалың ұйқыда жатқан жұрт екі пәтерлі үйдің өртенгенін білмепті. Қызыл жалынды ауыл тұсынан көлігімен өтіп бара жатқан азамат байқап, өрт сөндірушілерге хабар берген. Атбасардан құтқарушылар жеткенше, Сочиндегі ерікті өрт сөндірушілер жасағы өртпен арпалысқан. Бірақ күш алған от бой бермей, жер үйдің қабырғасы қақырап, шаңырағы ортасына түсті. Ұйқыдағы 31-32 жастағы ерлі-зайыпты мен екі жастағы баланы да ешкім құтқара алмады.
Ерболат Әшкенов, Атбасар ауданы ТЖБ бастығы:
- Атбасардағы өрт сөндіру бөліміне хабар түнгі сағат 2-де түсті. Бірден алты маман мен арнайы көлік аттанды. Бірақ Сочинскоеға келгенде үйдің 80 пайызы жанып кеткен. Өртті кеш байқапты. Үйден үш адамның мәйіті табылды. Қазір өрттехникалық сараптама тағайындалып, өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!