{metadescription}
Қаражатты жарата алмаған әкімдер премьер-министрдің алдында қалай ақталды
Қаражатты жарата алмаған әкімдер премьер-министрдің алдында қалай ақталды

Қаражатты жарата алмаған әкімдер премьер-министрдің алдында қалай ақталды

Шалғайдағы халық саны аз ауылдарға мектеп, аурухана салған тиімсіз. Бүгін Үкіметте «Ауыл  — ел бесігі» жобасына тоқталған ұлттық экономика министрі елдімекендердің жартысына жуығының тізімге енбей қалғанын осылай түсіндірді.

Жалпы соңғы үш жылда бұл жобаға 326 миллиард теңге бөлініпті. Сол қаржының есебін бүгін министрлер ғана емес, әкімдер де берді. Қолда бар қаражатты жарата алмаған өңір басшылары премьер-министрдің алдында қалай ақталды?

Ауылдағы ағайынның әл-ауқатын көтеру керек деген әңгіме бүгін Үкімет мінберінде тағы айтылды. «Ауыл ел бесігі» жобасының орындалуын ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров баяндады. Бұдан бөлек, бірнеше өңірдің басшысы да өзі басқарып отырған облыстағы ауылдардың жай-күйін сөз өтті. Бірі Министрлер кабинетіне өзі келіп баяндамасын оқыса, енді бірі онлайн есеп берді.

2019 жылдан кешегі 2022-ге дейін "Ауыл ел бесігі" жобасы аясында елдімекендерді гүлдендіруге 326 миллиард теңге бөлініпті. Бірақ қыруар қаражаттың шырайын шығармаған өңірлер бар. Әкімдер бүгін Үкімет басшысының алдында бұған әртүрлі себеп айтып ақталды. Бірі тиісті жұмыстардың дер кезінде аяқталмауын жауапсыз мердігерден көрді. Мысалы, Батыс Қазақстан облысында тұралап қалған 13 жобаның жетеуі бір компанияға тиесілі екен.

Нариман Төреғалиев, Батыс Қазақстан облысының әкімі:

- Осы 13 жобаның 50 пайызы бір ғана мердігердің қолында. «Радстройсервис»  ЖШС деген. Бірдебір жобаны толық аяқтаған жоқ. Бұл республика бойынша 143 шарт жасап, 36 миллиард теңгеге осындай жобалардың бәрін алып алған. Бізд енді қорқып отырмыз, биылғы жобаларға тағы да қатысып алып алатын болса, осы жағдай қайталанады-ау.

Төреғалиев мырза мердігермен жеке сөйлесіп, «әне-міне бітіреміз» деген уәдесін де алып үлгеріпті. Бірақ оған сенбей құзырлы органдарға арыз берген екен. Дегенмен Нариман Төреғалиев ауылдың ахуалын жақсарта алмай отырған жалғыз әкім емес. Бұл қатарда құрылғанына бір жыл толмаған Ұлытау облысы да бар. Өңір басшысы Берік Әбдіғали қаражаттың игерілмеу себебін ақша тым кеш бөлінді, уақыт тығыз болды деп түсіндірді. Бірақ бұл жауап Әлихан Смайыловқа ұнаған жоқ.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

- Берік Әбдіғалиұлы, ауылдық елдімекендерді әлеуметтік және тұрмыстық инфрақұрылымды құру бойынша жобаларды іске асыру өте маңызды. Ақша бөлінеді. Енді сіздердің жұмыстарыңыз соны тиімді пайдаланып іске асыру. Сондықтан жаңағы сіздің себебіңіз ақша уақтылы бөлінбеді деген себепті біз қабылдамаймыз. Жұмысты уақтылы орындаңыздар.

Жалпы елде 6 мыңнан астам ауыл болса, "Ауыл ел бесігі" жобасына соның 3 жарым мыңы, яғни жартысынан асар-аспасы ғана енген. Демек қалғаны қайда деген заңды сауал туындайды. Мұны ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров шағын ауылға зәулім мектеп салу, су тартып, асфальт төсеу тиімсіз деп түсіндірді.

Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:

- Жалпы осы ауылдарда халықтың саны аз. Ірі әрі қымбат инфрақұрылымдық обьектілерді салу тиімсіз. Сол себептен қасындағы ауылда немесе аудан орталықтарында тиісті объектілер салынады.

Жалпы алғанда елде халық саны 50 адамнан аз мыңға жуық ауыл бар. Бірақ олардың да болашағы бұлыңғыр деуге болмайды дейді министр Қуантыров. Тек "Ауыл ел бесігі" жобасына кірмей қалған елдімекендерді жергілікті әкімдіктер жарылқайды деп сөзін түйіндеді.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде