{metadescription}
Алматыда үшем босанған ана бес баласымен баспанасыз жүр
Алматыда үшем босанған ана бес баласымен баспанасыз жүр

Алматыда үшем босанған ана бес баласымен баспанасыз жүр

Әкімдіктің екі сөйлегені қайткені? Алматыда үшем босанған ана шенеуніктердің перзентханада екі бөлмелі пәтер береміз деп, артынан жауапсыз қалғанына қапа. Бүгінде бес бала тәрбиелеп отырған отбасы жатақхананың қуықтай бөлмесінде тұрады. Оның өзін ақпанда жөндеуге жабамыз, босатыңдар депті.

Шарасыздықтан шырылдаған ана базынасына билік басындағылар құлақ аса ма деп үміттенеді. Ал, қалалық әкімдік "үй береміз" деген уәде болған жоқ дейді.

- Бірінші қыркүйекте босанғанмын. Есімі Райымбек, Батыр, Хангелді.

Төрт айдан енді асса да, үшемнің мінезі үш түрлі екені байқалады. Бірі ойыншыққа алданып, екіншісі қолдан түспесе, үшіншісі әкімдіктің әперген арбасында ұйықтап жатыр.  Жатақхананың аядай  бір бөлмесін Айжан бес баласы және жолдасымен жалдайды. Айтуынша, босанғанда арбасын арқалай келген атқамінердің бірі «екі күнде үй береміз» деп төбесін көкке жеткізген. «Балалардың несібесі ғой» деп қуанған көңілі кейін су сепкендей басылды.

Айжан Самат:

- Әкімдікке барып едік, қалада үш жыл тіркеуде болмағансыздар деді. Сол себепті сіздерге үй берілмейді деген жауап алдық. Үкіметтен сұраймын, осы үш балапаныма үй берсе екен деп. Үй керек, балаларға қиын болып жатыр. Балаларым жылап жатыр, осы үш айдың ішінде біз үш рет ауруханаға түстік. Инфекция бөлімшесіне. 20 күннен, 10 күннен түсіп жатырмыз. Мына жақ қапырық.

Отағасы Нұртаза жалдамалы жұмысшы. Тапқан табысы жатақхананы жалға алу мен коммуналдық төлемнен артылмайды. Қымбатшылық алқымнан алған алмағайып уақытта баспаналы болу сағымдай жеткізбей ме деген қалың ойдың құрсауына жиі түседі. Тау қопарар жігері болса да, аяқтан тұруға сәл демеуі болмай тұр.

Нұртаза Дүйсенбек:

- Балалар жылы деп жатырмыз. Үкіметтен ешқандай көмек жоқ. Кейбіреулері айтады, ай сайын азығымызды әкеліп тұрады, анауымызды әкеп тұрады. Ешқандай көмек, ешқандай нянка жоқ.  Медсестра береді дейді, медсестраға хабарлассаң әрең келеді әйтеуір.

Алматы әкімдігі заң бойынша үшемге үй берілсін деген заң жоғын айтады.  Ал бұл отбасыға қай әкімдік өкілінің «үй береміз» деп уәде еткенін білмейіз деп әңгімені жылы жапты.

Нұрбол Қажин, Алматы коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысының орынбасары:

- Ол жайлы шынын айтсам, ақпарат жоқ бізде. Кім барғанын, кім қалай айтқанын, ондай бізде ресми ақпарат  жоқ. Және де мен Алматы қаласы әкімшілігі тарапынан ондай болған жоқ. Ал егер шағымданса, ол кісі, әрине, біз өз ресми жауабымызды берер едік.

Көпбалалы отбасы билік баспана деген бастарындағы басты проблемаға көз жұма қарамас деп үміттенгісі келеді. Жатақхана жөндеуге жабылатындықтан, келесі ай басқа жер қарауға мәжбүр. Пәтер ақысы аспандап тұрған кезде далада қалмаймыз ба деген уайым да маза бермейді. Қолы ашық, мейірімді жомарт жандар экранда көрсетілген нөмірге хабарласып, көмек қолын созуға болады.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

22 қараша

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде