Астанада «Жастар» тұрғындары үш жыл бойы кәріз иісіне тұншығып отыр
Елорда тұрғындары кәріз иісіне тұншығып отыр. Сол жағалаудың қақ ортасындағы «Жастар» тұрғын үй кешені соңғы үш жылдан бері осы проблемамен алысып әлек. Бүгінге дейін талай табалдырықты тоздырдық дейді олар.
Автор: Айғаным Достанбай
17.01.2023
Әкімдіктен де, «Астана су арнасы» қызметкерлерінен де мардымды жауап ала алмапты.
Сол жағалаудың қақ ортасындағы «Жастар» тұрғын үй кешеніндегілердің жанайқайын естірге құлақ жоқ. Соңғы жылдары кәріз құбыры бір емес, бірнеше мәрте сыр берген. Салдарынан подьездердегі қолқаны қабатын иістен демалу мүмкін емес.
Ғазиза Иманғали, Астана тұрғыны:
- Тұрғаннан бастап осы үйдің проблемасы бітпейтін болды. Кәріз жарылып, жертөлеге құйылып, бүкіл үйдің ішінің барлығы сасық. Подъезге кіруге болмайды. Елден ұят. Біздің үйдің астында екі кафе бар. Сол кафелердің майсүзгіші жоқ. Бармаған жеріміз жоқ. Барлық жерге жаздық, Әкімдікке де, СЭС-ке де.
Ал әкімдік «Астана су арнасына» олар кінәні тұрғын үйдің бірінші қабатындағы тамақтану орындарына сілтеп әлек.
Светлана Сатанова, Астана тұрғыны:
- КСК-ның еш әрекеті жоқ. Бізге сол үлкен проблема боп жатыр. ОСИ-ге өте алмай жатырмыз. Себебі КСК-ның есепшоты жабық. КСК бізге құжат бермей жатыр.
Иә, пәтер иелерінің кооперативі соңғы күндері тіптен мұндай жұмыстарға араласуды доғарған. Бірақ мұндағы 34 пәтердің әрқайсысы айына 7-8 мыңнан төлеп отыр. Мән-жайды білмекке кооперативке біз де хабарласып көрген едік. Бірақ мардымды жауап ала алмадық.
- Жоқ, мен ол жерден кететін шығармын. Кетіп бара жатырмын. Басқа адам келгенде сонымен сөйлесесіңдер ғой. Оны қазбалап не қыласың, қызымау. Саған не керегі бар оның?
Ал әкімдіктегілер міндетін орындаудан бас тартқан кооператив төрағасын тезге салатын заң күшіне әлі енген жоқ дейді. Бірақ солай екен деп, пәтер иелерінің кооперативінен бас тартып, мүлік иелерінің бірлестігін құруға, яғни көпшілікке түсінікті тілмен айтқанда ОСИ-ға тіркелуге еш кедергі көрмей отырмыз деп ақталды.
Ілияс Омаров, Есіл ауданы әкімдігінің бас маманы:
- Сіз айтып отырған тұрғын үйдің тұрғындарымен біз өткен жылы түсіндіру жұмысын жүргізгенбіз. Оларға барлық ақпарат берілді. Құжаттардың шаблонын ұсындық. Алайда олар барлық құжат кооператив иелігінде дегенді желеу етіп отыр. Мен айтар едім, ОСИ құруға ол кедергі емес. Иә, кооператив төрағасына жауапкершілік арту жөнінде қазір заңға өзгеріс енгізіліп жатыр. Оның қашан күшіне енері белгісіз. Бірақ тағы да қайталаймын, ол кедергі емес. Бізге келіңіздер. Біз кеңес беріп көмектесуге дайынбыз.
Ал кәріз жүйесінің қазіргі сиқы осындай. Күн ара кіреберістің алдынан аяқ алып жүре алмайсың. Аяздан кейін ғана айнала көк мұзға айналған. Жылы күндері шылқыған май аралас суды тобықтан кешуге мәжбүрміз деп отыр жиналғандар. Мұны «Астана су арнасы» да растады.
Назгүл Тәліпова, «Астана су арнасы» МКК баспасөз қызметінің жетекшісі:
- «Жастар» тұрғын үйіне қатысты айтар болсам, тамақтану орындарының бірі орнатқан сүзгінің сапасы нашар екенін анықтаған болатынбыз. Екіншіден, тұрғындардың өздері кәріз құбырларын дұрыс қолданбайды, тұрмыстық заттарды қалай босла солай лақтырып, құбыр содан бітеліп қалған.
Алдағы уақытта олар тұрғындармен кәріз жүйесін дұрыс қолдану жөнінде түсіндіру жұмысын жүргізуді жоспарлап отыр екен. Ал тұрғындар мұнымен келіспейтін болса, тамақтану орындарының иесіне арыздануға құқылы. Демек мәселе тек сот орындарының араласуымен ғана шешілетін түрі бар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!