Қажылыққа аттанамыз деп жаппай алданып қалған
Қажылыққа аттанып, қонақүйден шыға алмай отыр. Шымкентте бес парыздың бірін өтеуге ниеттенген бір топ азамат бір аптадан бері қасиетті мекенге ұша алмай жүр. Олар умраға бару үшін «Кәусар Трэйвел» деп аталатын турфирмадан мың долларға жолдама сатып алған.
Автор: Бек Әбиев
18.01.2023
Әлеуметтік желілерде отандық эстрада жұлдыздары жарнамасын жасаған туристік фирма бәрін сан соқтырып кеткен. 12 қаңтарда жолға шығуы тиіс 100 шақты адам енді не істерін білмейді. Күнде ертеңмен алдап келген фирма өкілдері енді ұшты-күйлі жоғалған. Ал құлшылық қылуға асыққан жолаушылар Мекке мен Мәдина қаласынан қонақ үй түгілі, ұшаққа билет алынбағанын енді біліп отыр.
«Кәусар Трэйвел» туристік фирмасы күзде отандық эстрада жұлдыздары мен белгілі айтыскер ақындарды жалдап жарнама жасатып, жұртты умраға шақырыпты. Бар болғаны мың долларға 10 күн бойы қасиетті Мекке мен Мәдина қалаларында құлшылық жасаймыз дегендер енді бір аптадан бері ұша алмай жүр. Алыстан келгендер қонақ үй жалдап, жақын аудан тұрғындары күніге әуежайды айналсоқтап жүр.
Кәрім Сүлейменов, Орал қаласының тұрғыны:
- Мұнда достар бар, таныс бар, соларда жатырмыз. Басқа адамдар қонақ үй жалдап жатыр. Қарағандыдан, Атыраудан, Ақтөбеден, Ақтаудан келген адамдар бар. Енді бәрі бытырап жанжаққа кетіп қалды, 30 шақты адам. Талабым: ақшамды кері қайтарып, басқа бір компаниямен кетсек те, енді шыққасын, үйге қарабет болмай, дұрыстап қажылық сапарымызды аяқтап барайық деген ниетіміз бар.
Күніге «ертең» деп алдаусыратып келген турфирма өкілдері «бүгін компания кеңсесіне келсеңіз, ақшаңызды қайтарамыз» деген. Бірақ «Кәусар Трэйвелдың» ғимаратында еден жуушыдан басқа адам жоқ. Тіпті құлшылық қылуға ниеттенгендерге Мекке-Мәдинәдан қонақ үй түгілі, ұшаққа әлі билет алынбағаны анықталды.
Қалдықыз Шекербек, Шымкент тұрғыны:
- Кеше білдік, әуежайға да барып біліп жатырмыз, таныстар да хабарласып жатыр. Бронь да жоқ, виза да жоқ, тас та жоқ, бақа да жоқ. Бірақ ватсапта жазып жатыр, «ұшасыздар, ұшасыздар, хақ, иншалла, машалла, ұшасыздар, хақ», айтқан сөзі. «Хақ, хақ» дейді, қане хағы? .Маған мың долларыма мың доллардың үстіне 2 мың доллар ғып маған моральдық шығынмен қосып төлесін. Төлемей ме, мен көрсетем.
Өзін Медетпін деп таныстырған турфирма директоры кеше ғана Мединада жүргенін айтып байланысқа шыққан. Бүгін басшы түгілі, қосшыларын да ешкім таппай қалды. «Оңбай алдандық» дегендер енді кеңсеге полиция шақырып, жаппай арызданып жатыр. Тергеушілер бір тәуліктің ішінде жағдайды зерделеп, іс қозғамақ.
Ерлан Ирбаев, Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы ПБ тергеу бөлімінің бастығы:
- Келісімшарт негізінде 12 қаңтарда ұшамыз деп, бүгінгі таңға дейін ол келісім орындалмаған. Соған байланысты арызданып келген. Одан бөлек, жалпы 17 тұрғын арызданған. Аталған арыз бойынша қазір сараптауталдау жүргізіліп, түпкілікті процессуалдық шешім қабылданатын болды.
Киелі жерге жете алмай жүргендердің өз есебі бойынша 100 шақты адам екен. Умра қажылығын жасаймыз деп үміттенгендердің жартысын күні кеше Алматы арқылы ұшырамыз деп әкетті дейді. Бірақ олар да алдандық деп, жаппай полицияға арызданып жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!