{metadescription}
Автобустар апаты: «Жұбайымды кінәлі етіп шығармақшы»
Автобустар апаты: «Жұбайымды кінәлі етіп шығармақшы»

Автобустар апаты: «Жұбайымды кінәлі етіп шығармақшы»

Алматыда автобустардың жол апатынан кейін қамауға алынған жүргізушінің адвокаты мен туыстары тергеуге көңілі толмайтынын айтып шағымданды. Екі ай бұрын қос қоғамдық көлік соқтығысып, 37 жастағы жігіт көз жұмған. Сол кезде 98-ші бағыттағы автобус жүргізушісі қамауға алынған.

Алайда қолына кісен салынған жігіттің жақындары полиция істі тек бір жақты қарап жатыр деген пікірде. Олар тергеушілер дәлел-дәйектерімізді қараусыз қалдырып, тиісті медициналық сараптама тағайындамады дейді.

Ал 201-ші бағыттағы автобусты тізіндеген азамат қылмыстық істе куәгер ретінде жауап беріп жатыр.

Алматыда автобустардың жантүршігер жол апатынан кейін күдікке ілінген 98-ші бағыттағы қоғамдық көліктің жүргізушісі екі айдан бері қамауда. Осы азаматтың адвокаты мен туыстары бүгін журналистерді жинап баспасөз жиынын өткізді. Олар іс тек бір жақты қаралып жатыр деген пікірде. Адвокат Нұрбол Батырбай тергеушілер тиісті медициналық сараптама тағайындамай, келтірген дәлел-дәйектерімізді қараусыз қалдырғаны көңілімізге күдік ұялатты дейді.

Нұрбол Батырбай, адвокат:

- Неге тергеу жанжақты жүрмейді? 201-ші қоғамдық көліктің жүргізушісіне қатысты біздің сараптама тағайындау туралы өтініш хаттарымыз қанағаттандырусыз қалады. Осы үлкен сұрақ бар. 201-ші автобустың жүргізушісі көзі көрмейтін жүргізуші секілді жүріп өткен. Сондықтан ол жүргізушінің психофизиологисында бір жағдай болды. Оны анықтау қажет деп есептейміз. Ол тежегішті басқанда, соқпай өтуге мүмкіндігі көп болды.

«Кінәні тек бір адамнан іздеу  — әділетсіз» деген адвокат 201-ші бағыттағы автобус жүргізушісін куәгерден күдіктіге ауыстыруды сұрайды. Біріншіден, адам дәл осы қоғамдық көлік астында қаза тапқан. Екіншіден, тізгіндегі азамат алдынан шыққан көлікті көре тұра, тежегішті баспаған дейді айыпталушы тарап. Ал күдіктінің жұбайы күйеуі бағдаршамның тыйым салынған қызыл түсіне өтті деген ресми ақпаратқа сенбейді. 

Гүлзира Полатбекова, күдіктінің жұбайы:

- Менің жолдасым: «Жоқ, мен жасыл түске өткенімді білемін. Мен сызықты өткенде сол кезде сары болған» дейді. Тергеуші қызыл жанған жерде тоқтау керек дейді. Жолдасым қызыл жанғанда Төле би көшесінің ортасында тұрған. Жолдың 80 пайызын кесіп өтіп қойған. Қалай тоқтайды? Кәмелетке толмаған үш баласын асырап отырған жалғыз асыраушымыз. Бұлар менің жолдасымды кінәлі қылып шығармақшы.

Полиция қазір жол жүру ережесін бұзу бабы бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Тәртіп сақшылары аталған іс ішкі істер министрлігі мен Алматы полиция департаменті басшысының тікелей бақылауында екенін айтады. «Тергеу тек заң шеңберінде жүргізіледі» деген олар күдіктінің туыстарын байбалам салмауға шақырды.

Салтанат Әзірбек, Алматы ПД ресми өкілі:

- Аталмыш дерек полиция департаментінің анықтау басқармасында. ҚК 345-бабының 3-тармағы бойынша тіркеліп, қазір қылмыстық іс өндіріс аясында тиісті сараптамалық зерттеулер жүргізілуде. Істің тергелу барысы ішкі істер министрлігі мен полиция департаменті басшылығының бақылауында.

Бейнебақылау камерасына іліккен қайғылы оқиға екі ай бұрын болған. Қаланың қақ ортасында бір-біріне жол бермеген екі автобус соқтығысып, 37 жастағы азамат көз жұмған болатын. Марқұм 98-ші бағыттағы автобустың ішінен сыртқа ұшып түсіп, қоғамдық көліктің астында қаза тапты. Жол апатынан зардап шеккен өзге жолаушылар ауруханада емделіп шыққан.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде