Алматыда жиһазға тапсырыс беріп, жаппай жер сипап қалған
Алматыда жиһазға тапсырыс беріп, жер сипап қалғандар шу шығарды. Айтуларынша, бір ғана жеке кәсіпкердің әлеуметтік желідегі жарнамасына алданған адам саны 50-ге жеткен. Ең қызығы, пысықайдың әр үйге өзі барып, өлшемін жасап, 70 пайыз алдын ала төлем талап етті дейді.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
18.01.2023
Тіпті келісімшарт жасайды екен. Алайда құжаттағы мерзім әлдеқашан өтіп кетсе де, жұрт не жиһазына жете алмай, не миллиондаған теңгесін қайтара алмай жүр. КТК тілшісі «алдап кетті» деген жиһаз жасаушыны тауып, тілдесіп қайтты.
Жиһаз емес, жер сипап қалғандардың бірі — Мағжан Зиябек. Су жаңа пәтерін жаңа мүлікке толтырмақшы болған ол жиһаз жасаушыны былтыр әлеуметтік желіден тауыпты. Бағасы арзан, жұмысы жылдам болғасын, ойланбастан бүкіл үйіне тапсырыс берген. Тіпті келісімшарт түзіп, материалына қажет деген миллион теңгесін төлепті. Алайда құжатта жазылған мерзім өтсе де, әлі күнге дейін үйі бос тұр.
Мағжан Зиябек, Алматы тұрғыны:
- Кәсіби маман деп ойладым. Инстаграмда түсірілген, біз жиһаз жасадық, «Ясминнің» өкілі болып табылам деді. Осындай ақпарат бергендіктен, мен сендім. Келіп өзінің айтқан сөзінен білдім. Және маған вацаптан хабарласып, жазып қоймады. Мен сіздікін жасап берейін, жылдам жасап берем деді. Сонымен сеніп қалдық.
Жиылған жұрттың бәрінде осы мәселе. Тек жиһаз жасаушыға санап берген қаражат әртүрлі. Берісі 100 мың теңгеден басталса, арысы бір жарым миллионға дейін жетеді. Өйткені пысықай сенімімізге кіріп, 70 пайыз алдын ала төлем талап етті дейді.
Ертас Бақытов, Алматы тұрғыны:
- Ол ең бірінші менің үйіме келіп, өзінің формасы бар, келісімшарты бар, сіз маған сене аласыз деп сенімімізге кірді. 70-100 пайыздық алдын ала төлем алды. Одан кейін ол кісі жоқ болып кетеді. Ешқандай жиһаз жасаған жоқ. Менің күтіп жүргеніме екі жыл болды.
Жұрт полицейлердің шара қолданбай жатқанына наразы.
Әлбина Бақтиярқызы, адвокат:
- Бостандық ауданының полиция бөліміне арыз түсіруге жүгінген. Алайда полиция бұл арыздарды азаматтық қарымқатынас, азаматтық сотта шешіңіздер деп қайтарып жіберген. Бүгінгі күні 50-өге жуық адам алданған болса, 2019 жылдан бері не ақшасын, не жиһазын қайтара алмай жүрген адамдар бар болса, біз бұны азаматтық қарым-қатынас деп бағалай алмаймыз. Бұл жалпы полициямен тергелетін, тексеретін факті болып табылады.
Ал жиһаз жасаушы өзінен кеткен қателікті мойындады. Тапсырыс көбейген кезде қол астымдағы жалдамалы 6 жұмысшым жалақыларын алып, қашып кетті дейді. Алайда 50 адам емес, тек 15 шақты клиент алдында ғана қарызым бар деп отыр. Қазір цехта жалғыз өзі жұмыс істеп жүр.
Сейітбек Бердіқұлов, жеке кәсіпкер:
- Олардың екі айлық жалақыларын шығару үшін көбірек тапсырыс алам. Санаймын, әрқайсысына 200 мыңнан ақша шығару үшін. Оларға пәтер жалдап беремін. Көбірек тапсыры алдым. Бірінің артынан бірі кеткеннен кейін жалғыз қалып қойдым. Жаңа жылдың алдында екеуі қалып қойды, жаңа жылдан кейін бірден келеміз деген. Олар анаумынау жағдай болды деп, ешқайсысы келмеді.
Полицейлер мәселенің ақ-қарасын анықтайтынын жеткізді. Жазылған арыз бойынша қылмыстық іс қозғалыпты.
Салтанат Әзірбек, Алматы ПД ресми өкілі:
- Бүгінгі таңда Алматының бірнеше аудандық полиция басқармаларында аталмыш жеке кәсіпкерге қатысты ұжымдық арыздар қарастырылу үстінде. Процесуалды шешім ҚР қылмыстық іс жүргізу кодексінің талаптарына сай қабылданатын болады. Міндетті түрде тексеру барысында болған оқиғалардың толық обьективті мән жайы анықталып, қылмыстық істері бойынша шешім қабылданатын болады.
Кәсіпкер алдағы уақытта жаңа жұмысшыларды тауып, екі айдың ішінде мәселені толық шешемін деп сендірді. Яғни уақыт берген клиенттерге жиһазын өткізіп, бас тартқандарға қаражатын толық қайтарам деп ағынан жарылды. Алайда құрғақ уәдеге әбден тойдық деген жұрт кәсіпкердің заң жүзінде жазаға тартылуын талап етіп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!