Алматы кәсіпкерлері: «Жаңа қожайынның дегеніне көнбейміз!»
«Жаңа қожайынның дегеніне көнбейміз!» Алматыда «Еуразия» базарындағы кәсіпкерлер ғимаратты жөндейміз деген желеумен бізді қуып шықпақшы дейді.
Автор: Асқарбек Қазанғап
18.01.2023
Осыдан сегіз жыл бұрын ескі базардың орнына жаңасын салғанда 60 кәсіпкер жалпы сомасы 4 млн доллар жинап берген. Сол кезде жекеменшік орнын растайтын құжатты енді жаңа басшы есепке алмай отырғанын айтады. Бұл дау бойынша өткен айда қылмыстық іс те қозғалған.
Сәуле Абдуллина бұл базарда кәсібін 1999 жылы бастаған. Басында орын жалдаған. Тірнектеп жиған ақшасын 2014 жылы «Еуразияны» сүріп қайта саларда құйған. Төрт орын үшін 184 мың доллар берген. Енді емін-еркін жұмыс істеймін деп еркін тыныстағанда, қайдан тап болғаны белгісіз, жаңа қожайын келіп, келісімнің күл-паршасын шығарды дейді.
Сәуле Абдуллина, кәсіпкер:
- 5 қаңтардан бастап реконструкцияға жабылады, шығыңыз, босатыңыздар дейді. Қалай босатамыз? Қалай кетеміз? Біз бұны сатып алдық. Біз бұл жерге ақша салдық. Әр бутикті 2014 жылдан бастап қазірге дейін несие төлеп жатқандар бар. Ешқайда ешкім кете алмайды. Бұл жерден шықпаймыз дедік.
Сәуле секілді миллиондаған ақшасын құйған кәсіпкер саны алпыстан асады. Жекеменшік иесі екенін растайтын қолында мклуб картасы бар. Ал ресми мөрленген келісімшартты әне-міне беремізбен кешіктіріпті. Осы осал тұсын ә дегеннен аңдаған жаңа басшы буынсыз жерге пышақ ұрғалы тұрғанын айтады.
Айман Қасымова, кәсіпкер:
- Бізді аяқ астынан сатып жіберіп, далаға шығарып тастайын деп жатыр. Шықпаймыз. Өз құқығымыз үшін аяғына дейін күресеміз. Ешқайда шықпаймыз. Бұл біздің орнымыз. Бұл жерде зейнетке жиған ақшамыз бар, адам еңбегімізбен тапқан.
Шамиль атты жаңа басшы мұнда ат ізін сирек салады екен. Әкімшілік орналасқан екінші қабаттағы кабинеттің есігі ашық. Алайда ішінде ешкім жоқ. Бухгалтерияның есігі де тарс жабық. Сұрастырып жүріп, басшының көмекшісімін деген адамды таптық. Айтуынша, жақын арада базарды күрделі жөндеуден өткізу жоспарланбаған.
Базарбай Бармақов, «Еуразия» базары басшысының көмекшісі:
- Әзірге реконструкция болмайды. Шарт бәріне беріледі. Елдің бәрі алады, ары қарай істей береді, жалдау ақшасын төлеп. Ешкімді қуып жатқан жоқпын, ешкімді кет деп жатқан жоқпын деді.
Аяқ асты жөндеуге әзір жабылмаймыз деуінде гәп бар. Өйткені кәсіпкерлердің шағымымен алаяқтық бабы бойынша жақында қылмыстық іс қозғалған.
Айдар Бейсенбай, адвокат:
- Қазіргі уақытта ол арыздар Алатау ауданы полиция басқармасында қылмыстық іс қозғалған. Қылмыстық іс бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Тек қана алаяқтық емес, бұл жерде рейдерлік болуы мүмкін. Қалай сатып алды, кімнен сатып алды, қандай бағаға сатып алды, бірдебір құжат көрсетпеген.
Яғни көп төбе көрсетпейтін жаңа қожайынның қолындағы құжатын полиция майшаммен қарайды. Көңілі күпті кәсіпкерлер сатып алған орнынан айырылмау үшін беріспейміз деп тарқасты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!