Астанада жекеменшік орталықта бүлдіршіндерді тұншықтарып, ұрып-соққан
Көрпемен тұншықтарып, таяқтап ұрып-соққан. Астанада ерекше балаларға арналған жекеменшік орталық тәрбиешілері бүлдіршіндерге осылай аяушылық танытпапты. Мұндай сорақыны ата-аналар аяқасты байқап қалған. Көрген сәтте естен тануға шақ қалдық дейді олар.
Автор: Елдос Есенбол
19.01.2023
Әлеужеліде тараған бейнебақылау камерасының жазбасы көпшіліктің жағасын ұстатты. Жекеменшік орталықтың басшылығы ата-аналар алдында қалай ақталды? Полиция бұл жайтқа қатысты қандай қарекет қылмақ?
Бейнежазбадағы көріністі бейқам отырып көру мүмкін емес. Қолындағы шарасыз баланы бейнебір жансыз қуыршықтай жұлқылаған тәрбиешінің әрекеті жұртты шошытты. Бірақ сіз бен біздің көргеніміз тек бер жағы дейді ата-аналар. Тек екі күннің бейнебақылау жазбасын тексерген олар тіпті есеңгіреп қалыпты. Сөйтсе тәрбиешіден жапа шеккендердің саны біраз екен. Оқиға ерекше қамқорлықтағы балаларға арналған «Балам-ай» деп аталатын жекеменшік орталықта болған.
Үміт Аханаева, жәбірленген ата-ана:
- Біз сол кісілерге сендік. Аманат қылып, баламызды тапсырып кетеміз. Жақсы қарсы алады, күліп. «Сіздің қызыңыз бүгін тамақ жеді». «Сіздің қызыңыз бұлай нетті» деген. Сосын атааналар чатқа лақтырғанда менің қызым жерде жатқанын көргенде жүрегім ауырды. Бұл ерекше балалар болғаннан кейін бұларға ерекше қарау керек. Ерекше күтім керек. Мен «Асылым» деп атын айтқанның өзінде ол бетін жауып, әбден қорқып қалған.
Осылайша ерекше қамқорлықтағы перзенттерімізге аса ерекше қатыгездікпен қараған деген ата-аналар жағдайды жыларман күйде баяндады.
«Балам-ай» орталығының бас директоры жәбірленуші ата-аналар полицияға шағымданғаннан кейін бір-ақ төбе көрсетті, бірақ, тіпті кешірім сұрауға жарамады дейді. Ал бұл жекеменшік орталықты жергілікті әкімдік қаржыландырады. Бірақ, оны түпкілікті жауып тастау біздің құзіретімізде емес дейді олар.
Илья Скуб, Астана қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы:
- Жалпы «Баламай» жекеменшік орталығында шамамен 300 баладай бар. Қала бойынша бірнеше филалы орналасқан. Жылына 190 миллион теңге бөлінеді. Сондықтан мониторинг үнемі жүргізіледі. Бірақ толыққанды тексеріс жүргізу біздің құзіретімізге кірмейді. Сондықтан түпкілікті жауып тастай да алмаймыз. Наразы атааналардың перзенттерін ерекше балаларға арналған мемлекеттік орталыққа көшіруге көмектесеміз. Жаңа орынды таңдап қойдық. Ата-аналарға ұнады.
Ал әзірге үш тәрбиешіні жұмыстан шығарып жіберіпті. Сірә, бейнежазбаға түсіп қалған сол қызметшілер болса керек. Жалпы тәрбиешілердің тағдырын орталық басшыларың өзі шешеді дейді әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы.
Әлеуметтік желіге әп-сәтте тарап, үлкен-кішінің сай-сүйегін сырқыратын бейнежазба дәл осы орталықта болған. «Балам-ай» деп аталатын жекеменшік мекеме әзір жұмысын жалғастырып жатыр. Басшылықтың айтуынша мұнда күніне шамамен 50-шақты бала келеді екен.
Орталықтың ішінде де мүлгіген тыныштық. Ештеңе болмағандай, күнделікті жұмыс жүріп жатыр. Бізді қарсы алған бөлімше меңгерушісі ашылған 13 жылда мұндай қатыгездік болған емес деп ақталды. Шағым түспегесін, бейнебақылау камерасын тексере бермейтінін де мойындады.
Қаршыға Советқызы, «Балам-ай» орталығының бөлім меңгерушісі:
- Бәріміз де анамыз. Бәріміздің балаларымыз бар. Сол жағдайды көріп жатырмын, сізге айтып жатырмын, болдырмас едім де. Бірден енді жұмыстан шығарып, басқа маман іздеп, шара қолданар едік деп жатырмын.
Ал балаға жансыз заттай қарап, ойына келгенін істеген тәрбиешілерге қатысты қылмыстық іс қозғалған.
Эльмира Шауленова, Астана ПД баспасөз қызметінің жетекшісі:
- Алматы полиция басқармасының қызметкерлері ҚР Қылмыстық кодексінің 140 өбабымен қылмыстық іс қозғады. Іске қатысты тиісті сараптамалар тағайындалды Олардың нәтижелері бойынша кінәлі адамдарға қатысты қоладныстағы заңнамаға сәйкес шешім қабылданатын болады.
Енді қатігез тәрбиешілермен құзырлы органдар айналысады. Ал сенімі кеткен ата-аналар ұл-қызын басқа орталыққа ауыстырса да, кінәлілер жазасыз қалмаса екен дейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!