Доссорда мембағдарламамен салынған баспана сапасыз болып шықты
Қазына қаржысына салынған құрылыс сапасы сын көтермейді. Атырау облысындағы Доссор кентінде мемлекеттік бағдарламамен баспана алған тұрғындардың қуанышы су сепкендей басылды. Пәтерлерінің есік-терезесі сынып, сылағы түсіп, қабырғалары жарылған.
Автор: Жанат Молдашова
19.01.2023
Алғашында әкімдік құрылысты салған мердігер мекеме кем-кетікті жөндеп береді деп сендірген. Бірақ олар үшті-күйлі жоқ дейді тұрғындар. Үп еткен желге шатыры ұшып, аяз түссе жылусыз қалатын жұрттың наразылығын КТК тілшісі тыңдап келді.
Мақат ауданы Доссор кентінің тұрғындары. 2020 жылы тұрғын үй кезегінде тұрған оларға 60 пәтерлік жаңа үй пайдалануға берілген. Әлеуметтік осал топтағы бұл отбасылардың барлығы да пәтерлерін уақытша жалға алған. Енді осы мемлекет қаржысына салынған жалдамалы үйдің сапасы сын көтермейді дейді. «Жел тұрса щатыры ұшып, төбеден су кетеді. Қыс түссе, жылусыз қаламыз. Жыл өтпей қабырғалары жарылып, балкондар сыз басып жатыр» деп ашынды тұрғындар.
Румия Нәрешова, Доссор кентінің тұрғыны:
- 2020 жылы көпбалалы ана ретінде осы үйді алдым. 11 жыл үй жалдап тұрдым. Бес балам бар. Он күн жылусыз қалып, бір бөлмені аялап пешпен отырдық. Үй, алғаннан бері проблема. Есептегіш құралдары кетіп жатыр, канализация дұрыс емес, тоқ дұрыс емес, бәрі шұрық-тесік.
Жанар Дүйсенбаева, Доссор кентінің тұрғыны:
- Төбесі көтерілді, шатыры, төбеден су кетті. Дым істеген жоқ. Мердігерді әне шақырады, міне шақырады. Келмейді. ЖКХ келсін. Мынаны салғандар келсін, шақыртсын. Істемей ме, жекеменшікке берсін. Берсе, әркім өзі үшін жасап алады.
Мүгедек баласы бар жалғызбасты аналар да бар тапқанымыз пәтердіің жыртығын жамауға кетіп жатыр деп наразы. Құрылысын салған мердігер мекеме баспаналардың еден жабындыларын да жеткізбей, сынған есік-терезе салып кеткен. Балкондар қатты желде шайқалып, балаларға қауіп туғызады дейді жиналғандар.
Марусия Жұпарбаева, Доссор кентінің тұрғыны:
- 50 мың теңге зейнетақымен өмір сүріп, жөндеу жасап отырмыз. Жалғыз мен емес, 60 үйдің бәрі осыны көріп отыр. Осыған кім жауап береді?
Тұрғындар сапасыз құрылысты салған мердігер мекемені тауып, жазасын беруді талап етеді. Ал жергілікті әкімдік бұл үйді қызылордалық «Аман құрылыс» компаниясы бір миллиардқа жуық теңгеге салғанын айтты. Қазір мердігерді шақырып жатырмыз дейді шенеуніктер.
Азамат Шаңғалаев, Мақат ауданы әкімінің орынбасары:
- Мердігер мекемені шақырып, кемшіліктерді қалпына келтіру жұмыстары жасалады. Нақты бірінші жарты жылдықта бітіреміз.
Сапасыз үйді жалға алып отырған аналар әкімдік жекеменшігімізге берсе, өзіміз кооператив құрып жөндеп аламыз деп отыр. Алайда атқамінерлер бұл заңға қайшы екенін алға тартады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!