Қарағандылықтар электр энергиясына екі есе ақы төлеуге мәжбүр
Қарағанды тұрғындары электр энергиясына екі есе ақы төлеуге мәжбүр. Өткен айда жарық бағасы қымбат болғанын жұрт әлеуметтік желіде жарыса жазып жатыр. Алайда коммуналдық мекеме өкілдері күннің суықтығы мен желтоқсандағы мерекелерде тұрғындар тоқты көп пайдаланған дейді.
Автор: Саят Дәулетжанұлы
19.01.2023
Гузалия Сатлер, Қарағанды тұрғыны:
- Бір емес, екі емес, жүздеген адаманың арыз шағымы осы шамалас. Мысалы, біз қазан мен қараша айларында тоқты осы мөлшерде пайдаландық. Оған таласым жоқ. Ал желтоқсанға 680 киловатт келіпті. Екі есе көп. Ол айда үйде де көп болмадық. Науқас шешеме қарап, сол үйде көп уақытым өтті.
Электр энергиясына желтоқсан айының түбіртегін көрген тұрғындар бір мезетте шу ете түсті. «Бұрын бұлай болмаған» дейді көпшілігі. Орта есеппен 8000 мың теңге төлеп жүргендерге 15 мыңнан аса, кейбіріне тіпті 30 мың теңгеге дейін есепшот келген. Тұрғындар қызмет көрсетуші компания осы арқылы жыл аяғында өз ұпайын ел есебінен түгендеп отыр деп топшылайды. Өйткені автоматтандырылған есептеуіш құрылғылар барлығында бір мезетте істен шығуы мүмкін емес.
Алайда Қарағанды жарық компаниясының бұған өз уәжі бар. Олар желтоқсан айында тәуелсіздік мерекесінде ел үш күн үйде отырды, көп қонақ күтті дейді. Оның үстіне өткен айда 10 күн бойы аяз болды. Сондықтан халық жарықты басқа айларға қарағанда көп пайдаланды деп отыр. Бұл уәжге нанбағандар есептеуіш құрылғыларды өз есебінен тәуелсіз сараптамадан өткізсін деп міз бақпауда.
Валерий Дударь, «КарагандыЖылуСбыт» ЖШС директорының орынбасары:
- Құрылғыны тексерту өте қымбат, мен оған кеңес бермес едім. Оның үстіне құрылғылардан ақау шығу деген мыңнан бір жағдайда ғана кездеседі. Сондықтан оған шығындалғанша, жарыққа қарызды өтеп, тыныш отырған жақсы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!