Жылы орнымен қоштасатын депутаттардың көңіл-күйі ...
Парламенттің кезектен тыс сайлауы 19 наурызда өтеді. Бүгін қос палата спикерлерімен және премьер-министрмен кеңесе келе, Төменгі палатаны тарату жөнінде шешім қабылдаған президент саясия науқанды осы күнге белгіледі. Партиялардың іске белсене кірісуіне тура екі ай бар.
Автор: Әзиза Төленби
19.01.2023
Негізі Мәжіліс сайлауы осы жылдың бірінші жартысында өтетінін президент былтыр күздегі жолдауында-ақ айтқан.
Бүгін ресми түрде жылы орнымен қоштасатын депутаттардың көңіл-күйі қалай?
Бұл күннің туарын 7-ші шақырылым депутаттары о бастан білді. Өйткені Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйектегі Жолдауында-ақ айтқан болатын. Сол көптен айтылып жүрген күн 19 қаңтарға түсіп тұр. Көбірек дауыс жинап, партияластары қолдап жатса, көпшілігі наурызда Мәжіліске қайта оралуы да мүмкін. Оған дейін екі ай үзіліс. Сол 60 күнде жақтаушыларды қайтадан іздейтін болады.
Президент бүгін түске дейін Парламенттің қос палатасы төрағалары мен Үкімет басшысын Ақордаға жинап, Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттілігін тоқтату туралы кеңескен. Жиыннан кейін мемлекет басшысының жарлығы да ұзақ күттірген жоқ.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Мәжілістің кезектен тыс сайлауы 2023 жылғы 19 наурызда өтеді. Барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауын Орталық сайлау комиссиясы белгілейді. Өздеріңізге мәлім, мен былтыр күздегі Жолдауымда Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы осы жылдың бірінші жартысында болатынын жарияладым. Яғни бұл бастама айтылған сәттен сайлауға дейін жарты жылдан астам уақыт өтеді. Тәуелсіздік жылдарында сайлауға дайындалу үшін кандидаттар мен саяси партияларға осыншама көп уақыт берілген емес. Мәжілістің және мәслихаттардың кезектен тыс сайлауы конституциялық реформаның жалғасы.
Сөйтіп әз Наурыздан бастап жұмысқа кірісетін жаңа депутаттардың 30 пайызы мажоритарлы, 70 пайызы партиялық тізім бойынша сайланады. Ал Мәслихат сайлауында азаматтар бір мандатты округтерден шыққан кандидатқа дауыс береді. Осылайша Мәжіліс пен мәслихаттар жаңа үлгі бойынша жасақталғалы тұр. Бұған қазақстандықтар референдум аясында қолдап дауыс берген.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Партия мүшелерінің санына қатысты талап өзгерді. Оның төменгі шегі төрт есе төмендеп, 20 мыңнан 5 мыңға дейін азайды. Партиялардың әр аймақтағы өкілдерінің саны кемінде 600 адам болуға тиіс еді, ал қазір 200 адамға дейін төмендеді. Осы және басқа да жүйелі шаралардың нәтижесінде елімізде көп уақыттан бері алғаш рет бірнеше жаңа саяси партия тіркелді.
Қазір елімізде ресми тіркелген жеті саяси партия бар. Олардың соңғысы осы аптада ғана әділет министрлігінің рұқсатын алған «Байтақ» және «Республика» партиялары. Ал бүгін ғана уәкілеттігі тоқтаған депутаттардың мойнын бұруға уақыты жоқ сияқты.
- Жақсы жұмыс істеуге тырыстық қой, аман болыңыздар!
- Қазір келеміз, қазір келеміз.
- Көреміз, өмір көрсетеді бәрін. Қазір жиналыс. Пленаркапленарка.
Осы жиналыстан шыққан соң, ендігі экс-депутаттар әріптестерімен жылы қоштасып, жұмыс үстелін жинай бастады. Жоспарлары да дайын.
- Ғылыми жұмыс бар, басқасы бар. Партиялық жұмысым бар, ол да еңбек.
Мәжіліске келгеніне бір жыл да болмаған ақын Аманжол Әлтаев жұмысына сағынышын өлеңмен жеткізді.
- Мемлекет қадамын анық бассын,
- Мұндай сәтте қабілетін танытпас кім?
- Келер созыв бұдан да күшті болып,
- Ықпалды Парламентім қалыптассын.
Мәжілісмендер қайтып келуге қарсы емес. Партия қолдаса, жақтастар дауыс берсе, қарқынды жұмысымызды қайта жалғастырамыз деп белсеніп отыр.
Ал қаржы министрлігінің алдын ала таратқан мәліметі бойынша, 2023 жылы Мәжіліс әрі барлық деңгейдегі Мәслихат депутаттарын сайлауын өткізуге 33,4 миллиард теңге қарастылырған. 2025 жылға арналған бюджет жобасында бұл мақұлданыпты. Ал әзірге сол жағалаудағы Мәжіліс ғимаратындағы қарбалас екі айға тынышталады. Заң шығару жұмысын наурыздың 19-на дейін сенаторлар атқармақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!