Биыл бірқатар өңірге тасқын қаупі төніп тұр
Биыл еліміздің бірқатар өңірінде су тасқыны болуы мүмкін. Экология министрлігінің ақпарынша, Қызылорда, Маңғыстау, Ұлытау және Павлодар облыстарынан өзге барлық аймақтарға тасқын қаупі төніп тұр.
Автор: Айғаным Достанбай
23.01.2023
«Қызыл судың бетін қайтаруға қазірден бастап қамданып жатырмыз», - дейді мекеме басшылығы. Гидротехника нысандары мен бөгеттердің қауіпсіздігі тексеріліп, тиісті шаралар қабылданған. Алда-жалда оқыс жағдай бола қалса, алдын ала мыңдаған техника, инертті материалдар мен құм салынған қаптарды сақадай-сай дайындап қойдық деп отыр.
Экология министрлігінің бүгінгі жиынында, сондай-ақ салаға қатысты басқа да өзекті проблемалар сөз болды. Мәселен, су саласында дипломы бар кәсіби мамандардың еңбекақысы әлі күнге 90 мыңның айналасында. Оған жастардың маңайлай қоймайтыны да сондықтан. Келесі мәселе – су қоймалары мен бөгеттердің сапасы. Елдегі осындай нысандардың дені Кеңестер заманында тұрғызылған. Талап бойынша, олар тек 25 жылға дейін ғана жарамды. Бірақ біздегі нысанның барлығы жарты ғасырдан астам уақыт жұмыс істеп тұр. «Бұзып, қайта салмасақ та, Үкімет жыл сайын оларды жөндеу, қалыпқа келтіру жұмысына қаражат бөліп жатыр», - дейді мамандар. Мәселен, биыл екі су қоймасы осындай жоспарлы жөндеуден өткізіледі. Оның бірі – сыйымдылығы жағынан ең үлкен Шардара су қоймасы.
Ербол Салихбаев, «Қазсушар» РМК Бас директорының пайдалану және автоматизация жөніндегі орынбасары:
- Бассейн инспекция, ТЖД, дергілікті атқарушы органдар бар, барлық комиссия тексерді. Қатты күмән туған жағдайда арнайы сертификаты бар мекемелерді тартып, оның жағдайына бізге қорытынды беріп отырады. Қаншалықты қауіптіқауіпсіз екені туралы. Соған байланысты біз мемлекеттен ақша сұраймыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!