Киік аулауға рұқсат беріледі, бірақ ...
Елімізде киік аулауға рұқсат берілетін болды. Бірақ кім көрінген оңды-солды киікті қыра бермейді. Ақбөкендерді тек ғылыми зерттеу жүргізу үшін ғана аулауы мүмкін. Қазір осы жобаны экология министрлігі қоғамдық талқылауға шығарып отыр.
Автор: Жаңалық Ахаш
25.01.2023
Киік аулау үшін еліміздің төрт өңірі таңдалған. Әзірге 1815 бас ақбөкенді атуға рұқсат сұрады. Қарағанды мен Ақмола аймақтарынан 700 киік, ал Қостанай мен Батыс Қазақстан облыстарынан 200 бастан киік ауланады. Мамандар түз жануарларының етін асып жеп, мүйізін пайдалануға ешкімнің құқығы жоқ деп отыр. Ақбөкендерді атқан бойда, өлексесі ветеринарлық, жұқпалы ауруларды зерттейтін институттарға жеткізіледі. Ондағы ғылыми қызметкерлер ғана сынама алып пайдаланады. Дегенмен былтыр киіктің көбейіп кетуіне қатысты Ақмола мен Батыс Қазақстандағы шаруалар шу шығарған. Ақбөкендер егіс алқабын таптап кетіп, талай шаруаны шығынға батырған. Экология министрлігі атуға рұқсат береміз дегенде, керсінше, жануарларды қорғаушылар қарсы шығып тоқтатқан болатын. Содан бері осы мәселе әлі шешілмей келеді.
Михаил Шпигельман, М. Өтемісов атындағы БҚУ ғылыми қызметкері:
- Тым аз көлемде ауланады. Бұл зерттеу жұмысына қажет. Киіктердің көбеюін, денсаулығын, қандай індетпен ауырады немесе жұқтырған ауруы бар ма, соны анықтайды. Бір-ақ бас киіктен ондағы үйірдің жағдайын білу мүмкін емес. Сондықтан бір аумақтан, кем дегенде 100-ден аулану керек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!