{metadescription}
Сенаторлар қызметіне кірісті
Сенаторлар қызметіне кірісті

Сенаторлар қызметіне кірісті

Сенаторлар қызметіне кірісті. Бүгін Орталық сайлау комиссиясы әр өңірден басым дауыс жинаған 20 азаматқа Жоғары палата депутатының куәлігін табыстады. Және президент тағайындаған он адам да сенатор төсбелгісін тақты. Енді алдағы екі айда Жоғары палатаның бұл депутаттары мәжілісмендердің міндетін де қоса атқарады.

Сенат ғимараты қыз-қыз қайнаған жұмысты күтіп-ақ тұрғандай. Әне-міне дегенше, мұнда су жаңа сенаторлар қызметіне кіріспек. Бүгін Орталық сайлау комиссиясында олар куәлік пен депутат төсбелгісін тақты. Кейбірі өз орнына қайта жайғасқанымен, Жоғары палатадағы жаңа есімдердің де қатары көбірек.

Алдымен 14 қаңтарда өткен Сенат депутаттарының сайлауында жеңіске жеткен 20 азамат сенатор мәртебесіне ие болды. Әр өңірдің сенімен арқалап Жоғары палатаға келгендер бүгіннен бастап ең жоғары заң шығарушы органның мүшесі. Олардан бөлек, кеше ғана президент жарлығымен тағайындалған тағы 10 депутат та төсбелгісін тақты. Бұл қатарда енді экс-спикер Мәулен Әшімбаев та бар.

Қызметіне кіріскендерді күтіп тұрған жұмыс көп. Алдағы екі айда тұтас парламенттің жүгі осы сенаторлардың мойнында.

Нұрлан Әбдіров, ОСК төрағасы:

- 19 наурызға тағайындалған Парламент мәжілісіне кезектен тыс сайлау өткізілуіне байланысты жаңа құрам сайланғанға дейін сіздер парламент сенатының депуттаттары ретінде конституциялық заңдарды бүкіл парламент үшін заң шығару функциясын орындайсыздар. Осы қызметте сіздерге сәттілік тілейміз.

Сенаттағы жаңа есімдердің бірі – еліміздің Жоғарғы сотын бес жыл басқарған Жақып Асанов. Ол өзінің бұндай мәртебеге ие болатынын мүлде білмедім дейді. Күтпеген жаңалық болды деп ағынан жарылды.

Жақып Асанов, Сенат депутаты:

- Білген жоқпын. Бұл үлкен сенім. Сондықтан мен не істеуім керек? Бүкіл тәжірибемді, бүкіл білімімді артылған сенімді ақтауға, сосын жалпы еліміздің дамуына, халқымыздың өмірі жақсаруына жұмсауымыз керек.

Президент тағайындаған 10 сенатордың бесеуі – Қазақстан халқы ассамблеясынан. Жоғары палатаға аяқ басқандар арасында экс-мәжілісмен Геннадий Шиповских те бар. Екі шақырылымда төменгі палата депутаты болған ол сол тәжірибемді керегіме жаратамын дейді. Халықтың талап-тілегін әлеуметтік желі арқылы да тыңдауға әзір.

Геннадий Шиповских, Сенат депутаты:

- Мәжілістің жетінші шақырылымында өзімнің жақсы бір тенденциямды бастадым. Шын мәнінде, біз байқаймыз, цифрлық заман болғаннан кейін көп нәрсе бізге оңай және қолжетімді болып табылады. Сондықтан да өзім аптасына бір рет, екі рет ТикТокта тікелей эфирге шығамын. Сол жерде қаншама ұсыныс жинаймын, түрлі мәселеге байланысты. Өйткені цифрлық заман болғаннан кейін осы жақсы платформа.

Кеше мемлекет басшысы 13 депуаттатың өкілеттілігін тоқтатқан. Жылы орнымен қош айтысқандар арасында басы дауға жиі қалып, соңғы уақытта көзден таса болған ғарышкер Талғат Мұсабаев, Мұхтар Құл-Мұхаммед, журналист Дана Нұржігіт бар.

Ал әзірге Cенат төрағасының орны бос тұр. Экс-спикер Мәулен Әшімбаев: «Өз орныңызды сақтап қаласыз ба?» деген тілшілер сауалына: «Заңға сәйкес, кандидатты президент ұсынады. Депутаттар дауыс береді» деп қана жауап қайтарды.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

22 қараша

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.