Алматының 2040 жылға дейінгі бас жоспары талқыланып жатыр
Алматының 2040 жылға дейінгі бас жоспары талқылануда. Ол уақытқа дейін мегаполис халқы 3 миллионға жетеді деген мамандар 45 миллион шаршы метр үй салып, шаһарды бес орталыққа бөлуді жоспарлапты.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
25.01.2023
Тамара Залогина, Алматының бас жоспарын әзірлеуші:
- 2014 жылдан бері қала халқы көбейіп, екі миллионнан асты. Алматы аумағы сол уақытта 33 898 гектардан 70 348 гектарға дейін, яғни екі есеге ұлғайды. Қала агломерация орталығына айналды, экономикасы өзгерді. Бұл жағдай ықшамаудандардың әлеуметтік, инженерлік, көліктік және өзге де инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу деңгейіне кері әсерін тигізді.
Қаланың бас жоспарын тәуелсіз сарапшылар, сәулетшілер, құрылысшылар, сейсмологтар, экологтар мен тұрғындар үш күн бойы талқыға салып, ұсыныстарын айтады. Пысықталған жоспар сосын Үкімет қарауына жіберіледі. Сарапшылар бірлесіп оңтүстік астананы жайлы, жасыл һәм қауіпсіз шаһарға айналдыруды жоспарлаған. Жаңа құжатта 2040 жылға дейін Алматының инфрақұрылымын дамытудың жолдары жазылған. Яғни алдағы 20 жылда көшелер ұзартылып, жоғарғы жылдамдықпен жүретін жеңіл рельсті көлік желісі мен метроның жаңа бекеттері іске қосылады. Жолаушылар тасымалдайтын қоғамдық көліктің қозғалысы мен бағытын ретке келтіру де көзделген. Бас жоспар бойынша қала бес орталыққа бөлініп, әрқайсында тұрғын үйлермен қоса әлеуметтік мекемелер салынады. Мұның барлығына 1 трлн 391 млрд теңге инвестиция қажет.
Айнұр Сарыбаева, «Алматыбасжоспар» ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары:
- Шығыс бағытта, солтүстік бағытта, батыс бағытта, оңтүстік-батыс бағытта, бесінші полиорталық біздің тарихи орталықта. Тарихи орталық өз қалпын сақтап қалу керек. Инфрақұрылым туризмге жақсы болу керек. Ал қалған төрт полиорталықтың дамуына көп көңіл бөлінеді. Жаңа технологияны қабылдай отырып, қоғамның қауіпсіз, жақсы өмір сүруіне жағдай жасаймыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!