Бір Шымбұлақ туристер нөпіріне төтеп бере алмай жатыр
Алматыдағы жалғыз тау-шаңғы курорты туристердің нөпірінен қызмет көрсетіп үлгере алмай жатыр. Алатау баурайындағы әйгілі Шымбұлаққа әсіресе демалыс және мереке күндері көп адам ағылады. Соның салдарынан қысқы спортты жаны сүйетін жандар ұзын-сонар кезекте тұруға мәжбүр.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
26.01.2023
Туроператорлар екі миллионнан астам халқы бар алып шаһарға кемі тағы бір тау-шаңғы курортын салу керек деген мәселені қайта көтерді. Алайда Көкжайлау жобасына қарсы шығып дегеніне жеткен экологтар жаңасын салғаннан гөрі, қала сыртындағы демалыс аймақтарын дамытуды ұсынып отыр.
Шымбұлақ тау-шаңғы курортына келушілер саны жылдан-жылға артып келеді. Мәселен, былтыр Алатау баурайындағы демалыс орнына бір миллионнан астам адамның табаны тиіп рекордқа жеткен. Туристердің дені кешенге қыста ағылады.
Қолына таяқ, аяғына шаңғы мен сноуборд ілген тұрғындар мен қала қонақтары таңмен таласа Шымбұлаққа асығады. Биыл курортқа арнайы ат терлетіп келетін шетелдік туристер үлесі 40 пайызға жетіпті. Әсіресе көрші Ресейден келетіндер күрт көбейген. Солардың бірі – Александр Глотов.
Александр Глотов:
- Бұл кешеннің биіктігі мен қарының қалыңдығы Ресейден де жақсы. Қызмет көрсету сапасы мен бағасы да біздің елдегіндей емес. Сондықтан мен Сочиден гөрі Алматыны таңдадым.
Алматыдағы жалғыз тау-шаңғы курортында сырғанауға арналған 25 шақырымдық 17 жол бар. Бірақ мұның өзі қысқы спортты жаны сүйетін жандарға аздық ететіні мереке күндері анық байқалды. Жаңа жылдан кейінгі демалыста кешенге бір күнде 12 мың адам барып, ұзын-сонар кезек пайда болған.
Ринат Әбдірахманов, «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортының директоры:
- Биыл Еуропада қар аз жауды. Ресей мен Грузияда да қыс қарлы болған жоқ. Сондықтан шетелдіктер біздің курортқа ағылып жатыр. Шымбұлақты Кімасар шатқалына дейін кеңейту жоспарда бар. Инфрақұрылым тарту, аспалы жолдардың құрылысы, сырғанау алаңдарын салу сынды атқарылатын шаруа көп. Жоспар жүзеге асырылса, қала қонақтарына емінеркін қызмет көрсететін едік.
Он жыл бұрын шенеуніктер Алатау бөктерінде тағы бір тау-шаңғы курортының құрылысын қолға алған болатын. Алайда Көкжайлау жобасына экобелсенділер қарсы шығып, жасыл желекті отауға жол бермейміз деп тоқтамай шулаған. Бұл мәселе қоғамда қызу пікірталас тудырған соң, 2019 жылы мемлекет басшысы курорттың құрылысына тыйым салды. Белсенділер жаңа кешен салғанша, қаланың сыртында тұрған үш бірдей демалыс орнына көңіл бөліп, логистиканы дамытуды ұсынып отыр.
Тимур Елеусізов, эколог:
- Есік, Түрген мен Талғарда демалыс аймақтары бар. Табиғаты тамаша, шаңғымен сырғанауға таптырмас орындар. Логистиканы бір жолға қою керек. Аспалы жолдар салынса, адамдар сол жаққа да барар еді. Көкжайлаусызақ отандық туризм мен тау шаңғысын дамытуға болады. Бұл жоба әу баста шұрайлы жерлерді олигархтарға үлестіріп беру үшін қолға алынған. Сондайақ қоршаған ортаға зиян келтірді. Сондықтан біз қарсы болдық.
Алайда эколог айтқан Есік те, Түрген мен Талғар да қаладан алысырақ. Ал демалушыларға бұл маңызды. Экобелсенділердің уәжімен отандық туроператорлар да келіспейді. Олар екі милионнан астам халқы бар қалаға бір курорт тарлық етеді, сондықтан тау бөктерінен тағы бір демалыс аймағын салу керек деген пікірде. Оған қоса соңғы жылдары Алматының тұмса табиғатын тамашалауға арнайы ат арылтып келетін өзге елдің азаматтары да көбейген.
Жазира Тұрсынәлі, туристік компания менеджері:
- Қазақстанда тек шетел туристері емес, алматылықтардың да таушаңғысына деген қызығуы артып барады. Сондықтан өздеріңіз көрген кептелістердің болуы хақ. Тағы да курорт салу қажеттілігі бар деп есептеймін. Әр келген турист кемі 100 доллардан тастап кетеді. Ол Қазақстан экономикасы мен туризм дамуына әсер етеді.
Мамандар жарты ғасыр бұрын салынған Шымбұлақ қаланың қазіргі көптеген туристерін қабылдауға есептелмегенін жеткізді. «Көкжайлау салынады» дегенде өре түрегелген экологтарды әлі күнге дейін түсіне алмай жүруі де сондықтан. Өйткені кез келген ел туризмді экономиканың қозғаушы күшіне айналдыру қажет.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!