Қайта жасақталған Сенат мүшелері ант беріп, қызметіне кірісті
Мәулен Әшімбаев Сенат төрағалығына қайта сайланды. Бүгін Жоғарғы палатаға президент арнайы келіп, оның кандидатурасын ұсынған. Сенаторлар Әшімбаевты бірауыздан қолдады. Осылайша бүгін қайта жасақталған Сенаттың су жаңа мүшелері ант беріп, ресми түрде қызметтеріне кірісті.
Автор: Айғаным Достанбай
26.01.2023
КТК тілшісі жартылай жаңарған Жоғарғы палатаның алғашқы отырысына қатысып қайтты.
Кешелі бері Сенат депутаттары төрт көзі түгел сайланып, тек Жоғарғы палата спикерінің орыны ғана ойсырап тұрған. Президент бүгін парламентке келіп, бұл міндетті де біржақты қылды. Сөзінің әлқиссасын саяси науқаннан бастады. «Сайлау – ел азаматтарының арасына іріткі салатын емес, керісінше, біріктіретін науқан болуы керек», - деді мемлекет басшысы. «Үміткерлерге аңдамай сөйлеуден абай болыңдар, ойланбай жасалған қадам бүкіл елдің болашағына кесірін тигізеді» - деп шегеледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Жақында ғана Мәжіліс пен мәслихаттарға сайлау науқаны өз жұмысын бастады. Бұл негізгі мемлекеттік институттарды кешенді түрде жаңғыртудың соңғы сатысы болмақ. Мәжіліс пен мәслихаттардың аралас моделін қалыптастыруға көшіп жатырмыз. Барлық әлеуметтік топтың мүддесін қорғау тұрғысынан мұның мәні зор. Бұл өзгеріс өкілді билік тармақтарының барлық деңгейіне айтарлықтай ықпал етеді.
Екі жылдан бері Сенат спикерінің міндетін Мәулен Әшімбаев атқарды. Президент оның қызметті абыроймен атқарғанын атап өтіп, осы орынға қайта ұсынуға лайық деп тауыпты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Өздеріңіз білесіздер, менің жарлығыммен Мәулен Сағатханұлы Әшімбаев Сенат депутаты болып тағайындалды. Конституцияның.
- 58-бабының 1-тармағына сәйкес, Сенат төрағасы лауазымына Мәулен Сағатханұлы Әшімбаевтың кандидатурасын ұсынамын.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысын сенаторлар бірауыздан қолдап дауыс берді. Ал осыған дейін Жоғарғы соттың төрағасы болған Жақып Асанов бұдан былай спикердің орынбасары қызметін атқарады.
Мәулен Әшімбаев, Сенат төрағасы:
- Шын мәнінде атқаратын жұмыс аз емес. Әсіресе елімізде жүргізіліп жатқан реформаларды заңнамалық тұрғыдан уақтылы қамтамасыз ету аса маңызды. Сондықтан мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді сапалы орындауымыз керек. Осы жолда бәріміз бірге, нәтижелі еңбек етеміз деп сенемін.
Артынша, жаңа сайланған депутаттар ант беріп, комитеттердің төрағалары бекітілді. Азғантай үзілістен кейін Жоғарғы палата жартылай жаңарған құраммен алғашқы отырысқа қайта жиналды. Осыған дейін Мәжіліс қабылдаған бірқатар заң жобасын мақұлдап, президентке жолдады.
Десе де Сенаттағы жылы орнын суытпай қайтып келгендері ескі әдіспен камерадан бой тасалап үлгерді. Ал ғимараттың табалдырығын енді аттағандар кулуардағы қарбаластан тосырқап қалды.
Мұрат Қадырбек, Сенат депутаты:
- Бүгінгі отырыста бірнеше мәселе қозғалып отыр. Енді ол алдағы уақытта талқыланатын мәселе. Дәл қазір айта алмаймын. Өйткені толық танысып үлгерген жоқпын. Өзөзімді ұсынып түстім. Ешқандай кедергі болған жоқ.
Ал бүгінге дейін спикердің кеңесшісі болған су жаңа сенатор Бибігүл Жексенбай жергілікті мәслихаттардың жұмысын жандандыру керек деп есептейді. Үміткерлердің арасынан халыққа жанашыр, елдің сөзін сөйлейтін азаматтарды көргісі келеді.
Бибігүл Жексенбай, Сенат депутаты:
- Журналист ретінде мен қоғамда халықтың арасындағы өзекті мәселелерді естіп, біліп жүрмін. Менің жеке парақшама да халық көп сұрақтар жолдайды. Сондықтан осы мәселелерді шешу бағытындағы барлық заң маңызды деп ойлаймын.
Осылайша өңір-өңірдің аманатын арқалап келген су жаңа депутаттардың алғашқы жұмыс отырысы ұзаққа созылған жоқ. Десе де алда жұмыс көп.
19 наурызға дейін, яғни төменгі палатаның депутаттары орнына келіп жайғасқанша, сенаторларға артылатын жауапкершілік күшейеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!