{metadescription}
Жылу қазандықтары тозған кентаулықтар үш жыл бойы тоңып отыр
Жылу қазандықтары тозған кентаулықтар үш жыл бойы тоңып отыр

Жылу қазандықтары тозған кентаулықтар үш жыл бойы тоңып отыр

Кентау қаласында тозығы жеткен жылу орталығының қазандықтары қайта-қайта бұзылып, тұрғындар тоңып отыр. Қазірдің өзінде 14 мың пәтер суықта қалған. Тізесі жылымаған тұрғындар үш жылдан бері жылуға жарымай отырғанын айтады.

Ал жылуға жауапты мекеме басшысы бар кінәні жергілікті әкімдікке жапты. Айтуынша, тозығы жеткен қазандықтарды жөндеу керек деп шенеуніктерге сан мәрте ескерткен. Кентау әкімдігі қажет соманы енді есептеп жатыр. 

Кентау тұрғындары қыс түскелі  жылуға жарымадық дейді. Үш жылдан бері үйдегі жылу құбырлары қанжылым болса, аяз түскелі тіпті суып кетіпті. Бүрсеңдеген халық пәтерінде қалың киініп, электр құрылғыларымен жылынуға мәжбүр.

Алмагүл Ақмурзина, Кентау қаласының тұрғыны:

- Үйдің ішінде қалың киіммен емінеркін отыра алмайсың. Балалар да отыр, ана тамға кірсең суық, бір жерде жиналып, бәріміз топырлап бір жерде жатамыз, ананы қосамыз. Көп ауырады, жиі жедел жәрдем шақыра береміз. Ауруханаға жатып қалып жатырмыз, дәріге ақшамыздың жартысы кетіп жатыр.

Қазір пәтерлердегі жылу батареялары тым салқын. Тұрғындар тиісті мамандарды шақырғанымен, олар құбырларың ескірген деп ескермейді екен.

Орал Төленов, Кентау қаласының тұрғыны:

- Бізде ТЭЦ бар ғой, №5 тозған. Басқасына ауыстыру керек болмаса, газға өткізу керек. Қазір 21-ші ғасыр ғой, әлі от жағып жаурап отырған адамдар бар. Мына 90 үй жаурап отыр, үш ай болды. Ауасын шығарамыз, болмайды. Құбырды ауыстырған кезіміз де болды. Су келіп тұр, бірақ мұздай.  

Кентаудағы №5 жылу орталығындағылар қаңтардың қара суығы қажытқанын мойындап отыр. Қатты аязда алты қазандықтың үшеуі бірінен соң бірі істен шығыпты. Жұмысшылардың жанкештілігі ғана қаланы толық қатып қалудан құтқарып қалған. Әйтпесе әр бес жылда жөнделуге тиіс қазандықтарға соңғы 11 жылда адам қолы тимеген. Сондықтан шықпа жаным, шықпа деп, әзер отырғанын айтады.

Бақытжан Орынбасаров, «Кентау-Сервис» МКК директорының міндетін атқарушы:

- Қазіргі жұмыс істеп тұрған алты қазандықты күрделі жөндеуден өткізу керек. Одан кейін екі қазандық Кеңес заманынан бері істемей тұрған. Оны да қайта құрып, қалпына келтіруге болады, қаражат бөлініп жатса. 2019 жылы сегізінші қазандық күрделі жөндеуден өту керек еді, өткізілмеді. Қаражат тапшылығынан. Уақтысында өтініш берілмеді. Ол енді жалғыз қателіктер болған шығар.

Ал  Кентау әкімдігі модульді қазандық қоямыз, не пәтерлердегі жылу жүйесін ауыстырып, авотономды жылыту қазандығын орнатамыз деп, уақыт оздырып алған. Сондықтан биыл республикалық бюджеттен қомақты қаржы сұратады. Сөйтіп 21 шақырым құбырды ауыстырады.

Қуаныш Ысқақов, Кентау қаласы әкімінің орынбасары:

- Магистраль жүйелерді қайта құру, қайта қалпына келтіру жұмысына  шамамен 6 миллиардтай қажет. Ол 21 километр жерде 500-дік құбырлар. 300-дік құбырлар да бар, әр түрлі диаметрде. Оны қайта ажырату құбыры деп атайды. Заманауи, сыртында қаптауы бар жаңа құбырларға ауыстырамыз.

Бірақ бұл жоба ақша бөлінген соң ғана жүзеге асырылады. Сондай-ақ әбден тозығы жеткен ескі орталық биылдан қалмай күрделі жөндеуден өткізілмесе, келесі жылыту маусымында Кентау Екібастұздың тағдырын қайталауы мүмкін.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде