Әскерде үлгілі тәртібімен көзге түскендер тегін білім ала алады
Әскерде үлгілі тәртібімен көзге түскендер тегін білім ала алады. Яғни борышын өтеу кезінде ерекшеленген сарбаздардың жоғары оқу орнына грант ұтып алуға мүмкіндігі бар.
Автор: Елдос Есенбол
27.01.2023
Бұл – жастарды қарулы күштер сапында қызмет етуге ынталандырудың амалы. Бұрын сарбаздың жауынгер тапсырмасын орындау деңгейі ескерілмейтін. Енді оны қорғаныс министрлігі жіті бақылап отырады. Және сарбаздың тәртіптік журналын өзгертуге болмайды. Осылайша әскери борышын өтеп болғаннан кейін жоғары оқу орнында тегін оқу мүмкіндігі жастарды жігерлендіреді дейді министрлік өкілдері.
Бұдан бөлек, жалпы қарулы күштер сапында қызмет еткендер екі жыл ішінде ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсырмай-ақ, жоғары оқу орнының ақылы бөліміне түсе алады. Және офицер шенін алғысы келсе, сол оқу орнының әскери кафедрасында емтихансыз тегін оқуға болады. Қазір қорғаныс министрлігі 40 жоғары оқу орнымен келісімге келген. Әзірге олар жалпы саны үш мың адамға тегін оқу мүмкіндігін ұсынып отыр екен.
Статискаға сүйенсек, елде жыл сайын әскер қатарына 35 мың жас аттанса, оның бес пайызының ғана жоғары білімі бар. Жалпы былтырмен салыстырғанда іздеуде жүрген азаматтардың саны азайған дейді жауаптылар.
Руслан Тапашев, ҚР Қарулы күштері департаментінің офицері:
- Іздеуде жүрген азамат саны 30 мыңнан асып жығылады. Былтырғы жылмен салыстырғанда 37 мыңнан аса. Жергілікті әскери басқару органдарымен жергілікті полиция қызметкерлері жоспар құрып, іздестіріп, оларды әскерге шақыру пунктіне жеткізу жұмысын жалғастырады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!