Қазымен бірге тіс шұқығышты жұтып қойған – Тараз
Ет жеймін деп ажал құша жаздады. Тараз қаласының тұрғыны қазымен бірге ұзындығы 5 см-ге жуықтайтын тіс шұқығышты жұтып қойған. Хәл үстінде жатқан науқастың өмірін дәрігерлер сақтап қалды.
Автор: Руслан Әбдіхалық
27.01.2023
54 жастағы азаматтың іші бірнеше күн бойы қатты ауырып, ақыры дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Ақ халаттылар томография арқылы оның іш қуысында жіңішке таяқшаның қадалып тұрғанын анықтаған. Сөйтіп бірден хәлі мүшкіл науқасқа ота жасап, ішекке кіріп кеткен тіс шұқығышты суырып алған. Медицина мамандары пациент дер уағында келіп Құдай сақтады деп отыр. Өйткені оның ішкі ағзасы іріңдеп кете жаздаған. Бір қызығы, 54 жастағы жергілікті тұрғын таяқшаның өңештен қалай өтіп кеткенін білмейді. Бірақ ол төрт күн бұрын соғым алып, ет асып жегенін айтыпты.
Ғабиден Рахымжан, Тараз көпбейінді ауруханасы хирургия бөлімінің меңгерушісі:
- Ота 40 минутқа созылды. Бөгде заттың ас ішегін тескенін көріп, сол жерден алынды, ішегі тігіліп, ота сәтті аяқталды. Қазір жағдайы орташа ауыр. Бәрі жақсы болып жатса, алдағы уақытта үйіне шығарылады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!