Қасым-Жомарт Тоқаев Астананың кемшіліктерін жіпке тізді
Астанада құрылысты бел ортасынан тастап кету құдды бір сәнге айналған ба дерсің. Іргетасы осыдан он жыл бұрын қаланған Жылу электр орталығы әлі пайдалануға берілмеген. Осы аралықта бұл жобаның құны 50 миллиард теңгеге қымбаттап кетіпті.
Автор: Айғаным Достанбай
31.01.2023
Бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев елорданы дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізіп, бас шаһардың кемшіліктерін жіпке тізді. Ал шұғыл атқарылуға тиіс жұмыс шаш етектен.
Осыдан үш жыл бұрын президент Астананы иесіз қалаға теңеген болатын. Сорайған ғимараттар самсап тұрғанымен, құрылыстарда жүйе жоқ, асфальттар шұрық-тесік. Құдды бір қараусыз қалған шаһар іспетті деп, бірқатар ескертуді жіпке тізген. Бұрынғы әкім Көлгіновтің кезінен шешілмей келе жатқан проблемаларға бұдан былай Жеңіс Қасымбек басын қатыруға мәжбүр.
Қазір шаһарда жылу, су, мектеп, балабақша және аурухана тапшылығы бар деп, президент бірден елорда тұрғындарының көкейіндегі мәселелерді қаузады. Біраз жерде интернет сапасы нашар.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Ел өмірінде елордамыздың орны ерекше. Оған қойылатын талап та жоғары. Бұл тек экономикаға байланысты емес, архитектуралық, урбанистикалық, рухани және әлеуметтік салаға қатысы бар мәселе. Астана үлкен қала, көшіп келіп тұрып жатқан азаматтар көп. Сол себепті, әлеуметтік инфрақұрылымға ауыртпалық түседі. Сондықтан алдағы жұмыста мынадай мәселелерге айрықша назар аудару қажет.
Астана тұрғындарын толық газдандыру мәселесі бұрыннан айтылып келе жатыр. Елорда іргесінде отырып от жағып, көмір тасудан қажыған жұрт әсіресе арқаның аязды күндерінде екі есе қиналады. 2019 жылы Сарыарқа газдандыру жұмысының бірінші кезеңі аяқталды. Талап бойынша 300 мың шаңырақ газдың рахатын көруі керек болған. Әзірге көгілдір отынға тек 8 мың отбасының қолы жетті. Президент Үкімет мүшелері мен әкімдікке тапсырмаға атүсті қарауды қойыңдар деп шегеледі. Одан қалды, бағасы да қалтаға едәуір салмақ салады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Бұл қызметке екі миллион теңгеге дейін сұрайды екен. Осындай жағдай барлық аймақта да қалыптасқан. ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі үкіметпен бірлесе отырып, тұрғындардың үйін газ жүйесіне қосуға, баға белгілеудің ашық әрі түсінікті болуын қамтамасыз ету бойынша нақты ұсыныс енгізуді тапсырамын.
Жыл сайын қарқын алған құрылыстан қазір қала көшелерінде көлік қоятын автотұрақтарды айтпағанда, қара жаяу адамның өзіне қиын. Ғимараттардың тығыз салынып жатқанын тұрғындар да талай мәрте көтерген. Қазір Астанадағы 200 үй тұруға жарамсыз. Қаланың Асан Қайғы көшесін жаңарту бағдарламасы бар. Бірақ ол да тұралап тұр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Тұрғын үй құрылысы саласында көптеген мәселе қордаланып қалды. Инженерлік инфрақұрылымның жоқтығына байланысты әкімдік тұрғын үй құрылысының қарқынын кезеңкезеңімен төмендетуді ұсынып отыр. Бұл ретте елордада бала туу деңгейі жоғары, көшіқон ағыны көп. Құрылыс қарқыны бәсеңдегенде 30 мыңға жуық адам жұмыссыз қалуы мүмкін екенін ұмытпауымыз керек. Мұндай проблемаларды болдырмау үшін қаланың дамуын жүйелі жоспарлау қажет. Бұл жағдайда, өкінішке қарай, айтарлықтай олқылықтар бар.
Көшеге қоқысты оңды-солды лақтырып, адамдар тұрып жатқан тұрғын үйлердің ішіне білгенін істеп кететіндердің көбейгені президентке де жетіпті. «Келесі бір маңызды мәселе – қала тұрғындарының тұрмыстық мәдениеті», - дейді ол. Астананың тазалығы, ең алдымен, оның тұрғындарына байланысты деп, бас шаһардың тазалығына ден қоюға шақырды.
Астананың сыртқы келбеті жалт-жұлт етіп көздің жауын алып тұрғанымен, кемшін тұстары есепсіз. Президент қаланың қазіргі жағдайына тіпті «ауыр» деген баға берді. Даму стратегиясын қайта қарап, жаңадан бас жоспар әзірлеуді тапсырды. Ал Үкімет оны жыл соңына дейін мақұлдауы керек.
Қазір міне, осы уақытта Мәңгілік ел даңғылының бойында екі-үш сағатқа созылатын мәңгі кептеліс басталады. Осылайша елордалықтардың жарты ғұмыры осы жолдың торабында өтіп жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!