{metadescription}
Алматы аспанын торлаған көк түтін қашан сейіледі?
Алматы аспанын торлаған көк түтін қашан сейіледі?

Алматы аспанын торлаған көк түтін қашан сейіледі?

Алматы аспанын торлаған көк түтін қашан сейіледі? «Алматыбасжоспар» ғылыми-зерттеу институтының мамандары шаһарды бұрынғыдай жасыл әрі таза қалаға айналдырудың жолын іздеуге кірісті.

Қаланың экологиялық ахуалы жылдан-жылға нашарлап, тұрғындардың денсаулығына зиян тигізуде. Бір топ ғалымдар шаһарда лас ауаны сыртқа шығаратын биік қондырғылар орнатуды ұсынды. Олар жаңа технология түтінге тұншыққан тұрғындардың тынысын кеңейтетініне сенімді. Тың идеяны жүзеге асыру мүмкін бе?

 Алматы әлем бойынша ауасы ластанған қалалар қатарына кіреді. 2 миллионнан астам халқы бар шаһардың экологиялық ахуалы жыл өткен сайын ушығып бара жатыр. Ауадағы зиянды зат мөлшері де шамадан тыс артып, тұрғындардың денсаулығына зиянын тигізіп жатыр.  

 Шаң-тозаң кесірінен Оңтүстік астанада аллергия өршіп тұр. Қазір қалада екінің бірі аллергияға шалдыққан. Басқа жаққа қоныс аударып, дертіне дауа тапқан адамдар бар. Солардың бірі – Гаухар Мұқаева. Көк шыққаннан күн суытқанша дейін тоқтаусыз түшкіріп мазасы кететін келіншек елордаға көшкелі ауруынан құлан-таза айыққан.

Гаухар Мұқаева:

- Мен мұны қаланың экологиясымен байланыстырамын. Себебі, Алматыда тұрғанда отбасымызбен бірге маусымдық аллергиямен алысатынбыз. Сәуірден қараша айына дейін тоқтамай түшкіріп, жөтелетінбіз. Ол жақта ауа таза емес. Астанаға қалай келдік, аллергия да солай жоқ болды. 

Алматы тумасы Гаухар Жирембаеваның баласы да аллергия азабын тартқан. «Жөтел қысып демікпесі пайда болған ұлымды апармаған аурухана, көрсетпеген дәрігерім жоқ», - дейді келіншек. Ақыры аурудан арыла алмаған жас отбасы шетел асуға мәжбүр болған.

Гаухар Жирембаева:

- Ұзақ уақыт дәрі іштік. Балам ентігіп, дұрыс ұйықтай алмай жүрді. Аллергиясы ушығып кетті. Дәрігерлер нақты диагноз қоя алмай қиналды. Сосын отбасымызбен басқа мемлекетке көшіп кеттік. Міне, үшінші жыл Түркияда тұрып жатырмыз. Дәрі ішпейміз. Аллергия дегенді ұмыттық. Менің ойымша, ластанған ауа кез келген ауруды қоздырады.

Рас, Алматы түтіннен көз ашпай тұрған шаһар. Қала экологиясын жақсарту «Алматыбасжоспар» ғылыми-институтының мамандарына жүктелді. Физик, эколог пен сәулетшілер бірлесіп, алдағы екі айда осы мәселенің шешу жолдарын іздейді. Институт мамандары ауқымды жобаға сәйкес, арнайы аэродинамика қондырғы орнатуды ұсынып отыр. Олар жаңа технологияның тиімді тұстарын жіпке тізді – көпқабатты үйдің ішінен қойылатын биік құбыр лас ауаны төменнен жоғары қарай шығарып, қала тазарады. 

Жанат Айтілеу, «Алматыбасжоспар» ҒЗИ бөлім басшысы:

- Температура инверсиясын бұзу үшін Бернулли эффектісі бар қондырғыларды көріп жатырмыз. Конустың төмен жағы кеңдеу болады. Жоғарғы жағы тар болады. Төменнен жоғары қарай ауаны сорып шығарып жібереді. Биіктіктегі көлденең жел сол жоғары шыққан лас ауаны өзімен қосып алып, қаланың сыртына алып кету керек.Біз әртүрлі биіктікте есептеп, модельдеп көреміз. 

Алайда химия және биохимия инженерия саласының ғалымдары қала сейсмикалы аймақта орналасқанын ұмытпау керек дейді. Сондықтан олар мұндай технологияны қолдану тиімсіз әрі қауіпті деген пікірде. Оның орнына ұшақпен аспанға арнайы қышқыл шашып, қолдан жаңбыр жасауға шақырды.

Дмитрий Берилло, ҚазҰТУ химия және биохимия инженерия кафедрасының профессоры:

- Алматы қаласында Бернулли эффектісімен биік құбыр орнату дұрыс емес. Оның қауіпі жоғары. Менің басқа ұсынысым бар. Мәселен, БАӘ ұшақпен аспанға арнайы қышқыл шашып жаңбыр шақырады. Ал жауыншашын ауаны тазартатыны айдананық. Сондай тәсілді қолдануға болады.

Мамандар қаладағы жылу электр станциялары түгел көгілдір отынға көшсе, ауаға тарайтын зиянды қалдық азайып, тұрғындардың тынысы кеңейеді деп отыр. Олар үлкен айналма жолдың пайдасын да тілге тиек етті. Өйткені дизель транзиттік көліктер сол жаққа ойысады. Бірақ шаһарда күнделікті, шамамен 700 мың көлік жүреді. Ауаға бөлінетін улы түтіннің  52 пайызы солардың үлесінде. Ал ескі көліктерден құтылу әзірге мүмкін емес.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде