Өскемен: Саяжай тұрғындарына қаңғыған иттер қауіп төндіруде
Өскемен іргесіндегі саяжай тұрғындары қаңғыған иттердің көзін құртуды талап етуде. Өйткені бұралқылардың кесірінен жұрт көшеде емін-еркін жүруден қалған. Әсіресе балаларды талап, жазым ете ме деп алаңдап отыр. Әйтсе де мамандар қаңғыған иттерді қырып тастауға құқығымыз жоқ дейді.
Автор: Ұлан Нұрахмет
01.02.2023
Саяжай тұрғындары қаңғыған иттерден үрейі ұшып отыр. Тіміскіленіп көше кезген бұралқылардың топталып жүретінін айтады. Бала тұрмақ, ересектердің өзі аулада жалғыз жүруден қалған. Көбісі қорғану үшін қолынан таяқ тастамайды екен.
Светлана Акашева, саяжай тұрғыны:
- Қаңғыған иттер өріп жүр. Бір емес, екі ит емес, топталып, жиырма шақтысы бірге жүреді. Бір күні біреуімізді жеп қоюы мүмкін. Балаларды мектепке жалғыз жіберудің өзі қорқынышты.
Тұрғындар мектепке жаяу барып келетін ұл-қызына қатты алаңдап отыр. Қаңғыған иттер кішкентайларды талап тастауы мүмкін. Себебі, бұралқылардың балаға азу батырған кезі аз болмапты.
Светлана Вагина, саяжай тұрғыны:
- Қыз балаға, ит біздің қақпаның жанында жүрді. Оны талап тастай жаздады. Бала қатты қорқып кетті. Өйткені өріп жүрген иттің бәрі аш. Сондықтан адамға шабуыл жасап жатыр. Қайдан келгендері белгісіз. Қыс басталғалы тым көбейіп кетті.
Ал, жауапты мамандар көше кезген бұралқыларды жаппай қырып тастауға құқымыз жоқ дейді. Тек өтініш түскенде ғана аулайды екен.
Мұхтар Жанкебаев, ШҚО Ауыл шаруашылығы басқармасының қызметкері:
- Қаңтар айының басынан бастап Өскемен қаласы бойынша тұрғындардан 157-ге жуық өтініш келіп түсті. Ал жануарларды атуға және өлтіруге тыйым салынған. Сондықтан біз қазір иттерді аулап жатырмыз.
Мамандар өткен жылдың өзінде Өскемен аумағындағы төрт жарым мың қаңғыбас ит-мысық аулаған. Олар иесі жоқ мақұлықтардың көзін құрта алмай отыр. Ветеринарлар ауланған иттерді тек залалсыздандырып, қайта көшеге жіберуге мәжбүр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!