Алматыда жұқпалы тері ауруына шалдыққандар көбейіп барады
Алматыда жұқпалы тері ауруына шалдыққандар көбейіп барады. Денесі қызарып, бөртіп дәрігерге жүгінетіндердің дені жастар екен. Ақ халаттылар теміреткі, қотыр, қышыма сынды кесел қарашаға көбінесе киімнен жұғылатынын жеткізді.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
01.02.2023
Дерматологтар жаңа киімді міндетті түрде ыстық сумен жуып, дүкендердегі киім өлшейтін орындарда сақ болуға шақырады. Әсіресе, Second hand дүкендерінен тауар алу қауіпті деп отыр. Алайда бұл пікірмен ескі киім сатып пайда табатын дүкен басшылары келіспейді.
Алматыдағы тері-венерологиялық диспансерінде емделушілер көп. Денесі қызарып, қышынып әлек болғандардың дені жастар. Өткен жылғы статистикаға сүйенсек, есепте тұрған науқастардың саны екі есеге артыпты. Дәрігерлер қаладағы киім-кешек сататын дүкендер тері ауруының ошағына айналғанын жеткізді. Әсіресе теміреткі, қотыр, қышыма сынды кеселдер киімнен жұғады. Олар дүкен аралап келген соң міндетті түрде жуынуға кеңес береді.
Бибігүл Кенжебаева, Алматы тері-венерологиялық диспансерінің дәрігері:
- Дүкендерге барып келген соң жалпы, жуыну, жеке гигиена сақтауға кеңес беремін. Сатып алған киімді үтіктеп, үлкен градуста жуыптазалауға кеңес беремін. «Соңғы рет қайда болдыңыз, киім киіп көрдіңіз бе, дүкенге бардыңыз ба?» деп сұраймыз. Сонда есіне түсіріп жатады. Науқастардың көбі «дүкенде болдық, киім киіп көрдік» деп айтады.
Дерматологтар қалада қаптап тұрған Second hand дүкендерінен киім алу қауіпті екенін жасырмайды. Өйткені АҚШ пен Еуропадан әкелінетін бұрын киілген жемпір мен жейде әбден ескірген. Оны қандай адам кигені де белгісіз. Алайда Second hand-тан киінетін Денис Кряжев бұл пікірмен келіспейді.
Денис Кряжев, Алматы тұрғыны:
- Біріншіден, ондағы киімдер өте сапалы. Матасы да жақсы. Жазда терлемейсің. Еш қорқыныш жоқ. Ал Қытайдың тауарын кисең, денең қышып мазаң кетеді. Өнімдері сапасыз. Содан ауру жұқтырып алуға болады. Менің ойымша, ең бастысы, әр адам жеке басының тазалығын сақтау керек. Сол жеткілікті.
Second hand дүкенінің иесі киімдер арнайы фабрикада жуылып, Қазақстанға тап-таза күйінде жеткізілетінін айтады. Еуропа елдерінде ескі киімдерді өткізетін орындар бар. Сол жақта тауарлар іріктеліп, химиялық қоспалармен тазартылатынын түсіндірді.
Алла Бороздина, Second hand дүкенінің басшысы:
- Бәрі алады. Іш киімнен бастап, сырт киімге дейін осы жерден сатып алады. Киімдер арнайы пакетке оралып таза күйінде келеді. Еуропа елдерінде осы киімдерді жуатын арнайы фабрикалар бар. Сондықтан үрейге бой алдырудың қажеті жоқ. Ауруды басқа жерден де жұқтыруға болады. Бізден киінетіндердің көбі студенттер. Өйткені олар сапалы әрі әйгілі бренд тауарын тек бізден арзан бағаға алады.
Алматыда тері ауруына шалдыққан 200 адам есепте тұр. Жыл басынан бері бұл көрсеткіш тағы 26 науқаспен толығыпты. Дәрігерлердың айтуынша, үсті-басың бөртіп қасына бастасаңыз, бірден ауруханаға барған дұрыс. Себебі, тұрғындардың көбі тері ауруын аллергиямен шатастырып, асқындырып алуы мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!