{metadescription}
Президент Жамбыл облысында Шерхан Мұртазаның ескерткішіне тағзым етті
Президент Жамбыл облысында Шерхан Мұртазаның ескерткішіне тағзым етті

Президент Жамбыл облысында Шерхан Мұртазаның ескерткішіне тағзым етті

Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен Жамбыл облысында жүр. Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар өндірістік кәсіпорынды аралап, аймақтағы әлеуметтік нысандардың қызметімен танысты. Оның арасында ішкі нарықпен қатар Ресей мен Қырғызстанды ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтып отырған кәсіпорындар да бар.

Бұл жыл басынан бері мемлекет басшысының өңірлерге жасап отырған екінші сапары. Әулиеата топырағына табаны тие салысымен, Қасым-Жомарт Тоқаев жазушы Шерхан Мұртазаның ескерткішіне беттеді. Ұлт руханиятын дамытуға зор үлесін қосқан қаламгердің рухына тағзым етіп, гүл шоғын қойды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Шерағаң  халқымыздың біртуар азаматы, заңғар жазушы десек, артық айтқаным емес. Жас кезімізден бастап бәріміз оның «Қызыл жебе» романын, басқа да шығармаларын оқыдық. Әсіресе «Бір кем дүние» туындысы әлі күнге дейін өзекті. Халқымызға, әсіресе, жастарға рухани азық болған дүние деп айтуға болады. Сондықтан жазушының ескерткішіне арнайы келіп тағзым етіп отырмыз.

Артынша, президент Жамбыл облысының зиялы қауым өкілдерін сөзге тартты. Жазушылар одағының мүшесі Ғайни Әбенова мәдениет саласындағы оң өзгерістерге тоқталып, шығармашылық адамдарды қолдау жалғасын тапса деген ниетін білдірді.

Ғайни Әбенова, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі:

- Өзіміз куә болып отырғандай, біздің елде көп өзгеріс болып жатыр. Соның ішінде шығармашылыққа, руханиятқа әдебиетке, өнерге ден қойылып жатыр. Жалпы өмірде шығармашыл адамға көп нәрсе керек емес. Оған рухани қолдау мен қамқор қажет деп ойлаймын.

- Жазушыларды мен әрқашан да қолдаймын. Әкем жазушы болды. Сондықтан бұл менің жеке парызым.

Президент алдағы саяси науқандардың да маңыздылығына тоқталды. «Геосаяси жағдай күннен-күнге күрделеніп бара жатқан кезеңде ішкі, һәм сыртқы саясатқа қатысты шешім салмақты болуы керек» - деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Дүниежүзінде болып жатқан жағдайды өздеріңіз жақсы білесіздер. Ішкі саясат та, сыртқы саясат та сындарлы, салмақты болуы керек. Ең басты міндетіміз – мемлекеттілігімізді сақтау, Сынқатерлер аз емес. Сондықтан бәріміз бір ел, бір халық, бір ұлт болып ұйысып, ел үшін қызмет етейік.

Одан кейін мемлекет басшысы Тараздағы студенттер үйіне аялдады. Жалпы, жастарды қолдау – президент бағдарламасының маңызды тармағы. Мәселен, 2022 жылғы 1 қыркүйектен бастап жоғары оқу орындары студенттерінің стипендиясы 20 пайызға, магистрант пен докторант стипендиясы 15 пайызға өсті. 2025 жылға дейін қазақстандық ЖОО студенттерінің шәкіртақысы екі есе көбейеді.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Еліміздің болашағы – жастар. Жаңа буын, жаңа толқын өсіп келеді. Білім алу өте маңызды. Абайша айтқанда, «толық адам» дегеніміз – ойы ұшқыр, зерек, білімге құштар адам. Әр нәрсеге қанағат болуы керек. Бірақ білімге келгенде, қанағат болмауы керек.

Өңірдегі Байзақ ауданы тұрғындарының біршамасы құс фабрикасында напақасын тауып отыр. Кәсіпорын голландиялық технологияны негізге ала отырып жұмыс істеуде. Кәсіпорын жыл сайын 8 мың тонна бройлер етін өндіреді. Ішкі нарықты қамтып отырғанымен қоймай, Ресейге, Қырғызстанға экспортталады. Биыл құс фабрикасының өндірістік қуатын 12 мың тоннаға дейін арттыру үшін жалпы құны 1 млрд 400 млн теңге құрайтын алты нысан салу жоспарланып отыр екен.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде