{metadescription}
Президент Түркияға құтқарушылар мен дәрігерлерді тез жіберуге пәрмен берді
Президент Түркияға құтқарушылар мен дәрігерлерді тез жіберуге пәрмен берді

Президент Түркияға құтқарушылар мен дәрігерлерді тез жіберуге пәрмен берді

Қазақстан жер сілкінісінен зардап шеккен Түркияға қолдау білдіреді. Қиын жағдайда қалған бауырлас елге президент Қасым-Жомарт Тоқаев тез арада құтқарушылар мен дәрігерлерді жіберуге пәрмен берді. Қазір жауапты ведомстволар мамандарды жолға қамдап жатыр.

Жерасты дүмпуінен Түркияның 10 қаласындағы ғимараттар қирап, мыңнан астам адам опат болды. Зардап шеккендер саны да өте көп. Құтқарушылар қиранды астынан әлі де тұрғындарды шығарып алып жатыр. Қаза болған мен жараланғандар саны сәт сайын өзгеруде.

Түркияның 10 провинциясындағы қазіргі ахуал. Таңғы бес шамасында жойқын жер сілкінісі болып ғимараттарды тас-талқан еткен. Қуаты 7,4 баллға жеткен дүмпуден 2 жарым мыңға жуық нысан қираған. Ал қаза тапқандар  саны сәт санап өсіп жатыр. Соңғы дерек бойынша, мыңнан аса жергілікті тұрғын қаза тапқан. Жарақат алғандар бес мыңнан асып кетті.  

Зілзала ошағы Кахраманмараш провинциясы. Жеті шақырым тереңдікте тіркелген дүмпу жарты минутқа созылған. Кейін тағы жер 22 рет қозғалыпты. Түркияның оңтүстік-шығысында болған жерасты дүмпулерін басқа қалаларда жүрген отандастарымыз да сезген.  

Данияр Есен, Анталия:

- Ошағы елдің шығыс, дәлірек айтқанда, Газиантеп, Кахраманмараш, Диарбакр жақта болды дегенді таңертең әлеужеліден көрдік. Өзіміздің арамызда Аланиядаға қазақтардың чаты бар. Бір біріміздің халжағдайымызды сұрастық, Аллаға шүкір, бәрі дін аман.

Жойқын зілзала Сирияның бірнеше қаласында да болды. Жер сілкінісінен 500-ге жуық адамның өмірі қиылды. Қопарылған ғимарат астынан өлген адамдардың денесі әлі шығарылып жатыр. Соңғы есеппен мыңға жақын адам түрлі дене жарақатын алған. Ал құтқару жұмысы қос елде де қарқынды жүріп жатыр.

Түркия еліне 45 мемлекет қол ұшын созуға ниет білдірді. Арасында Қазақстан да бар. Түркия президентіне көңіл айту жеделхатын жолдаған мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қиындықа тап болған бауырлас елге көмек көрсетілетінін мәлімдеді.

Президенттің баспасөз қызметі:

- Президент Үкіметке Түркияның оңтүстікшығысында болған жойқын жер сілкінісінің салдарын еңсеруде шұғыл көмек көрсетуді тапсырды. Сыртқы істер министрлігі мен төтенше жағдайлар министрлігі түрік билігімен байланыс орнатты. Жақын арада Түркия үкіметінің өтініші бойынша зардап шеккен өңірлерге қазақстандық құтқарушылар мен дәрігерлер ұшады.

Сыртқы істер министрлігі зілзаладан қаза тапқандар мен зардап шеккендер арасында отандастарымыз жоқ дейді.

Айбек Смадияров, ҚР СІМ ресми өкілі:

- Астана уақытымен 15:00-ге дейін Қазақстанның Түркиядағы елшілігіне келіп түскен ақпаратқа сәйкес, Түркияда орын алған жер сілкінісінен Қазақстан азаматтары хабарласқан жоқ. Қазір консул Түркияның төтенше жағдайлар бойынша басқармасымен тікелей байланыста. Қаза болғандар мен зардап шеккендер арасынан Қазақстан азаматтары табылған жоқ.

Табиғи апатқа байланысты бірнеше провинцияда қауіптің төрт деңгейі жарияланды. Өйткені жерасты дүмпуі қайталануы мүмкін деген қауіп бар. Кей аудандарда газ құбыры жарылып, тұрғындар көгілдір отыннан ажыратылған. Ал мұндай жойқын зілзала Түркия топырағында соңғы рет 84 жыл бұрын болған екен.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде