11 жастағы қыздың асқазанынан бір келі шаш алып шықты
Алматыда 11 жастағы қыздың асқазанынан бір келі шаш шықты. Ұзындығы 16 сантиметрге жететін тас болып ұйысып қалған шаш жеткіншектің асқазанын бітеп қалған.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
06.02.2023
Соның кесірінен жеткіншектің тамаққа тәбеті болмай, бір апта бойы тек лоқсып құса берген. Мазасы әбден қашқан соң, ата-анасы ауруханаға ертіп апарыпты. Жан-жақты тексерген дәрігерлер оның ас қорыту мүшесінен әлдебір заттың кептеліп қалғанын анықтап, бірден операцияға дайындықты бастаған. Киіздей қатып қалған қылдың қанша уақыт бойы жиналғаны белгісіз. 40-45 минутқа созылған ота, абырой болғанда, сәтті өтті. Қазір кішкентай науқас ауруханада емделіп жатыр.
Жалпы ота жасалған осы орталықта мұндай оқиға екі-үш жылда бір кездесіп тұрады екен. Асқазанда осыншама қылдың жиналуы кішкентай қыздардың шашын тістелеп, жұтатын жаман әдетінен дейді мамандар.
Саматбек Мырзахмет, Алматы балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығының бөлім меңгерушісі:
- Бір күнде, бір аптада пайда болмайды. Ол деген айлап, жылдап жиналады. Кішкентайынан балада жағымсыз әдет болған ғой. Өз шашын тістеп, шайнап жұта берген. Содан асқазанға жинала берген. Ішкен тамағы бар, бәрі қосылып, үлкен ісікке айналған трихобезоар деп аталады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!