Зілзала: Түркияға қазақстандық 125 дәрігер аттануы мүмкін
Қазақстандық құтқарушылар Түркия еліне жетті. Газиантеп қаласына табаны тиген олар бірден зардап шекендерге жәрдемдесуге кірісті. Ал көп кешікпей, зілзала болған аумаққа 125 дәрігер аттануы мүмкін.
Автор: Руслан Әбдіхалық
07.02.2023
Білікті хирург, травматолог, педиатр сияқты аса қажет мамандардан құралған бригада жолға шығуға сақадай-сай дайын. Денсаулық сақтау министрлігі әр өңірден бес адам шыға ма деп үміттенген. Бірақ көмек қолын созуға ниеттілер қатары одан да көп екен.
Түркияға баратын шымкенттік дәрігерлер тізімі жасақталды. Бес адамнан тұратын ақ халаттылар бригадасын травматолог Нұржан Естемісов бастап барады. 21 жылдық еңбек өтілі бар маман күніне 50-ге жуық науқасқа ем-жом жасай алатынын айтады. Алыс сапарға шыққалы жатқан азамат ендігі мақсатым – қазақ медицинасын жерге қаратпау дейді.
Нұржан Естемісов, травматолог:
- Үрей жоқ, бірақ қобалжу бар. Барған кезде қолдан келгенше көмек көрсету, өз мамандығымызды толық атқару және өзіміздің елімізге, туған жерімізге теріс сөз естімеу деген мақсатымыз бар.
Денсаулық сақтау министрі әр өңірден тек бес маман баратынын айтқан еді. Бірақ жер сілкінісінен жапа шеккендерге көмек қолын сызғысы келгендер көбейген. Ақтөбеде бірден 10 дәрігер өз еркімен келіскен. Пәрмен түссе, жолға шықпақ. Олардың бәрі апатты жағдайда жұмыс істеуге бейім мамандар.
Әсия Тіржанова, Ақтөбе облысы денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы:
- Бізде бәрі ер адамдар. Міне, он адамнан тізім құралды. Он адамның бәрі еразамат. Біз кеше тізім жіберіп, бәрінен сұрастырдық. Бәрі тізімдегі рұқсатын берген осы мамандар болып шықты. Жоғары білімді мамандар.
Травматолог,нейрохирург, реаниматолог,анестезиолог және педиатр. Әр өңірден жасақталған бригадада осы мамандық иелері міндетті түрде болады. Жауапты іске осал дәрігерлердің жіберілмейтіні түсінікті. Олардың тәжрибесі де ескерілуде. Әрқайсысының кемі 9 жылдық еңбек өтілі бар. Түркияға бас-аяғы 125 ақ халаттыны жеткізу жоспарланып отыр.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі:
- Денсаулық сақтау министрлігінде дәрігерлер бригадасы құрылды, олар Түркия тарапынан сұраныс туындаған кезде қажет болған жағдайда Түркияның зардап шеккен аудандарына жіберілетін болады.
Бригада құрамында 125 дәрігер, оның ішінде 30 реаниматолог, 25 травматолог, 24 хирург, 20 нейрохирург, 16 терапевт және басқа 10 дәрігер бар.
Ал таңертең Алматыдан ұшқан қазақстандық құтқарушылар Түркияның Газиантеп қаласына жетті. 41 маман екі апта бойы зардап шекендерге жәрдем береді. Олар автономды түрде жұмыс істейміз дейді. Яғни ас-ауқаты, Құрал-сайманы өзімен бірге.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!