{metadescription}
Түркия мен Сирияда жер сілкінісінен қаза тапқандар саны бес мыңнан асты
Түркия мен Сирияда жер сілкінісінен қаза тапқандар саны бес мыңнан асты

Түркия мен Сирияда жер сілкінісінен қаза тапқандар саны бес мыңнан асты

Түркия мен Сириядағы жер сілкінісінен қаза тапқандар саны соңғы дерек бойынша бес мың адамнан асты. Жарақат алғандар жиырма мыңнан асып жығылды. Бұл сан әлі де өсуі мүмкін.

Себебі, құтқарушылар кешелі бері үйіндінің астында қалған адамдарды шығарып жатыр. Табиғи апаттан кейін бауырлас елде 7 күндік ұлттық аза тұту жарияланып, барлық ойын-сауық және спорттық шара тоқтатылды. Еліміздің сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, зілзадан көз жұмғандар мен жапа шеккендердің қатарында Қазақстан азаматы жоқ. Ал отандық туроператорлардың айтуынша, Түркиядағы жағдайға қарамастан, Анталия мен Стамбұлға алып қойған жолдамаларынан бас тартқандар жоқ.

Түркиядағы жойқын сілкіністен кейін елдің бірнеше провинциясында әлі де дүмпулер тіркеліп жатыр.  Бүгін бауырлас мемлекеттің орталығында қуаты 5,5 балл жер сілкінісі болды. Құтқарушылар кешелі бері үйіндінің астында қалған адамдарды шығарып жатыр. Зілзаладан опырылып ортасына түскен алты мыңнан астам ғимараттың астында тірі қалған жандар бар екен.

Өкінішке қарай, құрбандардың саны да арттты. Соңғы мәліметке сүйенсек, Түркиядағы жер сілкінісінен қаза тапқандар үш жарым мыңнан асып, 20 мың адам түрлі жарақат алған. Апат аймағындағы ауруханалар толып кеткен. Сондықтан зардап шеккендердің көбі көршілес провинцияларға жеткізіліп жатыр. Еліміздің сыртқы істер министрлігі жапа шеккендер мен көз жұмғандардың тізімінде Қазақстан азаматы жоқ екенін жеткізді.

Түркияның оңтүстік-шығысымен шекаралас Сириядағы ахуал да мәз емес. Онда екі мыңға жуық адам көз жұмып, мыңнан астамы жарақат алған. Мұнда да құтқарушылар дамыл таппай жұмыс істеп жатыр. Олар бүгін қираған нысанның астынан жаңа туған шақалақты алып шықты. Алайда сәбиді дүмпу кезінде босанған анасын құтқару мүмкін болмапты. 

Сирияның Манбидж қаласында дәрігер болып жұмыс істейтін отандасымыз Ахмад шырт ұйқыда жатқанда жер сілкінгенін айтады. Дүмпу қатты сезіліп, адамдар бас сауғалап қашты дейді ол.

Ахмад Әлбарази:

- Біз ұйықтап жатқанда жер сілкінді. Адамдар далаға қарай жүгіріп, аман қалуды ғана ойлады. Кешегі сұмдықты сөзбен жеткізу мүмкін емес. Мен жүрген қала Түркиямен шекаралас, апат ошағына жақын. Сондықтан қатты сезілді. Осы шаһарда да ғимараттар қирап, қаза тапқандар бар. Мен ауруханада демалыссыз жұмыс істеп жатырмын.

Табиғи апат кейбір отандық туроператорларға да кері әсерін тигізді. Туристік комания басшысы Дана Теңгебаева Түркияның оңтүстік шығысындағы тарихи қалаларға жоспарланған турды тоқтаттым дейді. Алты күндік жолдаманың жарты ақшасын төлеп қойған адамдар енді Стамбұл қаласын ғана көріп қайтады.

Дана Теңгебаева, туристік компания басшысы:

- Стамбұл қаласында үш күн, Урфа мен Мардин қаласында үш. Біз ол жақтағы серіктестермен келісіп бағдарлама құрып қойғанбыз. Шығыс жағында бұл да. Газиантеп жер сілкінісі болған жерге жақын. Мына жағдайдан кейін сатылымды тоқтаттық. Өйткені бәрінде үрей бар, ол жаққа баруға болмайды.

Түркияның астанасы мен оңтүстігінде орналасқан Анталия, Алания, Бодрум қалаларына жолдама сатылып жатыр. Қазір осы шаһарларда туристік жолдамамен 254 отандасымыз демалып жүр. Жаздық турларды алдын ала сатып алып қойып жатқан қазақстандықтар да жетерлік. Әзірге жолдамадан бас тартып немесе уақытын өзгерткен адам жоқ дейді турагенттік өкілдері.

Далила Кесикова, туристік компания менеджері:

- Біздің жұмыста ешқандай өзгерістер жоқ. Себебі, біз туристерді Стамбұл мен Антальяға жібереміз. Сол жерде барлығы жақсы. Броньді алып тастауға немесе сол жаққа бармаймын деген сөз әлі естімедік. Негізі Түркияның маусымы – жаз. Оған дейін көп уақыт бар.

Қазақстанның Түркиядағы елшілігі апат аймағында болған және үйіне қайтқысы келетін Қазақстан азаматтарының тізімін жасап жатыр. Олар консулға хабарласады немесе Газиантеп қаласының әуежайына барады. Сондай-ақ сол жақта жүрген туыстарын таба ала алмай жүрген адамдарға жедел желі іске қосылды. Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Түркияда студенттерді есептегенде 75 мыңға жуық отандасымыз болуы мүмкін.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

01 ақпан

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде