Бюджет қаражатына салынған үйлерді тексеруге тапсырма берілді
Қабырғасы үгітіліп, шатыры шытынап тұр. Үкімет отырысында Әлихан Смайылов министрлер мен әкімдерге мемлекеттік бағдарламамен салынған үйлердің кемшіліктерін нұқып тұрып көрсетті.
Автор: Айғаным Достанбай
07.02.2023
«Есепсіз қаржы бөлініп жатыр, соған қарамастан тұрғын үйлердің сапасына шағым көп», - дейді премьер. Алайда суреттегі сұрықсыз үйлердің қай өңірге тиісілі екенін айтқан жоқ. Себебі, дәл осындай көріністі еліміздің әр аймағынан кездестіруге болады. Премьер-министр бюджет қаржысына салынған үйлердің сапасына тексеріс жүргізіңдер деп әкімдіктерге тапсырма берді.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
- Бүгінде тұрғын үйкоммуналдық шаруашылық саласында шұғыл әрі сапалы шешуді қажет ететін мәселе көп. Жауапты мемлекеттік органдардың жұмысында да халықтың әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз етуде кемшіліктер бар. Кезекте тұрғандарды баспанамен қамтамасыз ету жұмысы сапасыз жоспарлануын да бөлек алып қарауға болады. Салынып біткен тұрғын үйлерін ала алмай жүрген азаматтардан шағым көп түсіп жатыр. Себебі, «Отбасы банкінде» жеңілдікпен несие беруге қажетті қаражат жоқ.
Ал осыған дейінгі кезекте тұрған әлеуметтің әлсіз топтарына тұрғын үйдің жалдау ақысын субсидиялаудың ғұмыры басталмай жатып аяқталағанға ұқсайды. Әу баста байыбына бармаған индустрия министрлігі бұл тәсілдің тиімділігіне енді күмәнмен қарап отыр. «Осы жобаға бағытталған 40 миллиард теңгені одан да жалға берілетін тұрғын үйге бөлейік» - деген ұсыныс айтты Марат Қарабаев.
Марат Қарабаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:
- Пәтер сатып алуға 40 млрд теңге мөлшерінде тұрғын үй төлеміне қайта бағыттауды қарастыруды ұсынамыз. Қажетті 166,2 млрд теңге бөлінген жағдайда, 26 мыңға жуық кезекте тұрған адамның тұрғын үй мәселесі биыл шешілетін болады. Қазір тиісті қаражат бөлу мәселесін қаржы министрлігімен бірлесіп пысықтап жатырмыз. Тұрғын үй құрылысын жандандыру үшін құрылыс алаңдары жылда инженерлік коммуникациямен жабдықталып жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!