Қыруар қаржы бөлінсе де, қымбатшылықты тізгіндей алмай отыр
14 миллиард теңге бөлінсе де, Астана әкімдігі қымбатшылықты тізгіндей алмай отыр. Маңғыстау облысында да дәл осындай жағдай. Бөлінген 3,6 миллиард теңгенің 2 миллиарды игерілмеген.
Автор: Айғаным Достанбай
07.02.2023
Қаражат жетпесе мейлі ғой, әкімдіктер қолда бар ақшаның өзін шырайын келтіріп жұмсай алмай отырғаны Үкіметті қынжылтады. Премьер- министр Әлихан Смайылов аймақтардағы атқамінерлерге ескерту жасады. Жұмысқа немқұрай қарауды жалғастыра берсеңдер, шара қолдануға тура келеді деді.
Құмшекер мен картопты қойшы, Үкімет үйінде күллі министрлер жиналып, пияз тапшылығын талқылайды деген түсімізге де кірмеген. Статистиканы сөйлетсек, өткен жылы елде жуаның өндірісі 1,1 миллион тоннаны құраған. Бірақ отандастарымыз жыл сайын, әрі кетсе оның 315 мың тоннасын ғана тұтынады. Жыл басынан бері пиязды экспорттауға тыйым салынды, әкімдіктер жуадан таршылық көріп отырғанымыз жоқ деп есеп берді, бірақ бағаның өсуі тоқтамай тұр. Парадокс!
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
- Бізде пияз көп өседі. Алайда бағаны төмендету үшін пияз экспортына тыйым салып, шұғыл шаралар қабылдауға мәжбүр болдық. Тағы да қайталап айтамын, азық түлік өнімдеріне бағаны тұрақтандыру Үкімет пен жергілікті атқарушы орындардың негізі міндеті. Жұмысқа немқұрай қарау орын алса және нәтиже болмаса, тиісті шешім қабылданады.
Иә, бүгін Үкімет отырысында премьер- министр аймақтардың атқамінерлерін аямай сөкті. Сапасыз үйлерді қабылдап алған кім әкімдер, азық-түліктің бағасын бетімен жіберген кім әкімдер, қолда бар қаржыны тиімді жұмсай алмай отырғандар да әкімдер. Жыл басынан бері азық-түлік инфляциясының орташа деңгейі 1,4 пайыз. «Бірақ кейбір өңірлерде бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары», - дейді сауда министрі.
Серік Жұманғарин, Үкімет басшысының орынбасары, ҚР сауда және интеграция министрі:
- Атап айтқанда, Астана мен Шымкентте 2,2%, Қызылорда мен Солтүстік Қазақстан облыстарында – 1,8, Ақтөбе облысында – 1,7%, ал Ұлытау облысында азық-түлік 1,5 пайызға қымбаттады. Әкімдіктер әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын да ұстай алмай отыр. Мәселен, Маңғыстау облысында осы санаттағы тауарлар 3,4 пайызға көтірелді. Ұлытау облысында 2,8%, ал Астана қаласында 2,5 пайызға өскен.
Министрдің айтуынша, әкімдіктерге «міне, саған қаражат, бар да, өз аймағыңдағы бағаны өсірмеудің амалын жаса» деп шығарып салған. Бірақ олар қолда бар шараларды да, қаржыны да тиімді пайдаланбай отыр. Мәселен, Маңғыстау облысында бағаны тұрақтандыруға арналған 3,6 миллиард теңгенің 2 миллиарды игерілмей жатыр. Есесіне сөрелердегі бағадан дүкенге кіріп шыққан сайын шошисың.
Гүлайым Қалбаева, Маңғыстау облысының тұрғыны:
- Күнделікті қолданатын тауарлар өте қымбат. Зейнетақымыз жетіңкіремейді. Бәріміздің жағдайымыз қиындап қалды. Енді қиналсақ та, ішпейжемей отыра алмайсың.
Баян Балмұханова, Маңғыстау облысының тұрғыны:
- Ұн қымбат. Сұйық май қымбат. Балашағамыздың жейтін макароны да қымбат. Барлық азық қымбат. Бір үйде екі түйір зейнеткерміз. Балаларымыз жұмыс істейді. Азғантай 60-70 мың дымға жетпейді.
Ал облыс әкімдігі өңірге азық-түлік тауарының 80 пайызы сырттан жеткізіледі дейді. Сәйкесінше, бағаның өзгеруіне алып-сатарларда өз әсерін тигізбей қоймайды. Әкімдік азық-түлік бағасын тұрақтандыру бойынша барынша жұмыс жүргізіп жатырмыз деп ақталды.
Жанна Тоқбаева, Маңғыстау облысы кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы:
- Әрбір тізбекте тергептексеру комиссиясы жұмыс істеп жүр. Яғни өндірушіден соңғы тұтынушыға дейін ортадағы өнімсіз делдалдарды алып тастау жұмысы жүргізіліп жатыр. Ол аптасына екі рет комиссия отырысы өтеді. Жалпы осы комиссиялардың нәтижесінде үш кәсіпкерге шара қолданылды. 15 пайыздан асырып жатқаны үшін. Мониторинг тобы жұмыс істейді. Мониторинг үздіксіз жүргізілуде.
Ал Астанада "айналым схемасы" бойынша қаржыландыруға бөлінген қаржы көлемі 14 миллиард теңге. Бұл Маңғыстаудан төрт есе көп. Соған қарамастан, елорда бағаның өсуі бойынша көшбасшылар үштігін бермей тұр. Ал шаһардың кәсіпкерлік бөлімінен 14 миллиардты қайда, қалай жұмсағанына қатысты жауап ала алмадық. Сауда министрі алда тағы қандай тауарлардың құны өседі дегенге, ешкім дөп басып айта алмады. Соған қарағанда күнделікті тұтынып жүрген пияздың келісін 60-70 теңгеге алатын күн келмеске кеткен тәрізді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!