Семейде жарылған кәріз құбырының ақауын таба алмай жатыр
Семейде кәріз құбыры жарылып, қалдық су аулаларға жайылды. Тұрғындардың қысқа қамдаған отын көмірлері лас суда қалқып жатыр. Айналаға таралған жағымсыз иіс қолқаны қабады. Мамандар тәуілік бойы жанталасқанымен, құбырдан шыққан ақауды таба алатын емес.
Автор: Ұлан Нұрахмет
07.02.2023
Кәріз құбыры кешқұрым жарылған. Аққан шәйінді су төңірегіндегі жер үйлердің ауласын басып қалған екен. Қазір тазарту жұмысы жүргізіліп жатқанымен, мамандар құбырдың жарылған жерін таба алмай жатыр.
Шаһардағы би Боранбай көшесіндегі көрініс осы. Лас су тұрғындарды әбігерге салды. Соның бірі – Бауыржан Нұрпейісов. Оның қора-қопсысы, әжетханасы кір судың астында қалған. Тіпті қысқа қамдаған отын-көмірім де жарамсыз болып қалды дейді тұрғын.
Бауыржан Нұрпейісов, Семей қаласының тұрғыны:
- Су бір жарым метрге дейін көтерілді. Қарасаңыз, мына жерде әлі су бар. Балшық болып жатыр. Қалдық суды ала алмады. Мұз, қар. Кеше 12-ден бастап тазалаған суды түскі бірге дейін тазалады.
Лас судың мүңкіген иісі мұрын жарады. Апат салдарын жойып жедел қалпына келтіру шаралары күні-түні жүріп жатыр. Ал жол жиегіндегі баспаналарға су кірмеу үшін төңірегіне қап-қап құм төселіп, бөгет жасалуда.
Коммуналдық апатты жоюға төрт бригада жұмылдырылған. Бірақ мамандар құбырдың қай жері жарылғанын әлі анықтай алмай жатыр.
Еркін Сағындықов, «Семей су арнасы» МКК директоры:
- Ақау шыққан жерін іздестіріп жатырмыз. Құбырдың 200 метрін тексердік. Ал жерді алты рет қаздық. Таңғы сағат жетіден бері жанталасып жүрміз. Бірақ құбырдағы ақауды таба алмай жатырмыз.
Жалпы қалдық су, 16 ауламен 4 үйді басып қалған. Апатты жоюға 115 адам мен 46 арнайы техника жұмылдырылды. Тіпті әскери бөлім қызметкерлері де көмекке келген.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!