Атырауда ақтүтек боран тұрғындарды әбігерге салып жатыр
Атырауда ақтүтек бораннан бірнеше шағын аудан жарықсыз қалды. Қалың қардан көшелерде кептеліс болып, тұрғындар діттеген жеріне жете алмай жатыр. Ауа райының қолайсыздығынан мектеп оқушылары түгел онлайн оқуға көшірілген.
Автор: Жанат Молдашова
07.02.2023
Атырауға қыс бойы қар түскен жоқ. Ақпанда басталған ақтүтек боранға коммуналдық қызметтер дайын болмай шықты. Қала көшелері тазаланбай, көктайғақ тұрғындарды әбден әбігерге салды. Көліктер қарға батып, кептеліс болуда. Ал тұрғындар автобустарды сағаттап күтуге мәжбүр. Білім басқармасы түстен кейін оқитын оқушыларды онлайн форматқа көшіріп, таңертең мектепке кеткендерді дереу үйіне қайтаруда. Ауа райының қолайсыздығынан қаладағы бірнеше ықшамауданда жарық пен интернет өшіп қалды. Кейбір тұрғын үйлер жылусыз отыр. Күннің күрт бұзылуынан көлік апаты да көбейген. Сондықтан тәртіп сақшылары өзге қалаларға қатынайтын тас жолдарды уақытша жауып жатыр. Ал шенеуніктер жолды қардан аршып үлгермей жатыр.
Мұхтар Сағындықов, Атырау ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы:
- Атырау қаласы қысқа дайын. Қазір қар нормадан көп жауып, үлгермей жатырмыз. Бірақ жұмыс жалғасып, тазалау жұмысы толық атқарылатын болады. 40 арнаулы техника және де 220 жол жұмысшылары жұмылып жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!