Ақтөбеде мүгедек жастарға арналған бейімдеу баспаналары ашылды
Ақтөбеде мүгедек жастарға арналған бейімдеу баспаналары ашылды. Онда арбаға таңылған немесе өз бетінше жүріп-тұруы қиын 30 жасқа дейінгі азаматтар тұрады. Олар жақындарының көмегінсіз өз бетінше өмір сүруге дағдылануға тиіс. Сондай-ақ қосымша курстардан өтіп, білімін жетілдіреді.
Автор: Жаңалық Ахаш
08.02.2023
27 жастағы Нұрлыбек Сейілханов Шұбарқұдық ауылынан келген. Өндірісте жарақат алып төсекке таңылған. Бірнеше отадан кейін ғана балдақпен жүруді үйренген. Мүгедек жандарға арналған жаңа баспананың алғашқы тұрғыны болғанына қуанышты. Оның сөзінше, арбаға таңылып немесе өздігінен жүріп-тұра алмай қалған адамды жақындары тым өбектейді. Мұның арты біреуге масыл болуға әкеледі екен. Сондықтан бұл жоба мүгедектердің өз бетінше өмір сүріп, қоғамға бейімделуіне мүмкіндік береді дейді.
Нұрлыбек Сейілханов, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- Бұл мүмкіндігі шектеулі жандарға, бір сөзбен айтқанда, көп көмегі бар. Ауылда көп адам жатыр, бір сөзбен айтсақ, қарайып қалды. Мұндай мүмкіндік бар екенін олар білмейді. Ал мұнда келсе, мүмкіндігі шектеулі жандармен араласса, әңгімелессе, өз ортасын табады, ашылады. Жұмыс тауып кетсе, тіпті жақсы, ортаға еніп кетуге мүмкіндік береді.
Ақтөбеде әзірге мүгедектердің бейімделуіне арналған екі пәтер бар. Бірі – қыздарға екіншісі ер-азаматтарға арналған. Ауылдан келген жастар үш айдан алты айға дейін осында тұрып, тұрмыстағы шаруасын өз бетінше шешіп үйренеді. Дегенмен оларға әлеуметтік қызметкерлер мен психологтар ара-тұра келіп тұрады.
Құралай Байменова, Ақтөбе қаласы, сал ауруына шалдыққандар одағының төрайымы:
- Мүмкіндігі шектеулі жанды үйінен шығарып, қоғамға араластыру өте маңызды. Қазір мүмкіндік көп. Оқу орындары, курстар, дамуға арналған дәріс те алуға болады. Бірақ ауыл жастарының оған қолы жете бермейді. Қалаға келіп пәтер жалдауға мүмкіндігі жоқ. Сондықтан 18-35 жас аралығындағы мүгедек жастарды облыс орталығындағы арнайы пәтерге алдырып, үйретеміз.
Мүгедек жастарға арналған арнайы пәтерлерді ұстап тұруға қаржы бір жылға бөлініпті. Келесі жылы жергілікті билік аталмыш жобаны өз қамқорына алса дейді қоғамдық ұйым өкілдері.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!