{metadescription}
Қазақстан Сирияға көмек береді; Түркияға әр өңірден жиналып жатыр
Қазақстан Сирияға көмек береді; Түркияға әр өңірден жиналып жатыр

Қазақстан Сирияға көмек береді; Түркияға әр өңірден жиналып жатыр

Қазақстан жойқын зілзаладан зардап шеккен Сирияға көмек береді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке гуманитарлық көмекті Ислам ынтымақтастық ұйымы арқылы жіберуді тапсырды. Ал бауырлас Түркияға еліміздің барлық өңірінде керек-жарақ жиналып жатыр.

Қарағанды облысында мұнымен жастар айналысуда. Ал Жамбыл облысында гуманитарлық көмекті қарапайым тұрғындар алты жүк көлігіне толтырыпты.

Петропавл тұрғындары зілзаладан зардап шеккендерге қажет дүниені Достық үйіне әкеліп жатыр. Оны Қазақстан халқы ассамблеясы ұйымдастырыпты. Тіпті алыс ауылдардын ат терлетіп келгендер де бар. Арқалағандары жылы киім кешек пен балалардың ойыншықтары. Қайғыдан қан жұтқан елдің балалары бір уақыт осымен алданса дейді.

Валентина Махиня, Петропавл қаласының тұрғыны:

Жүрегіміз қан жылап жатыр. Түрік елінде қаншама адам қырылды, әсіресе қинайтыны балалардың өлімі. Сондықтан отбасындағы жылы киімдерімізді жинап алып келдім. Мұндай қасірет болып жатқанда қалай жанымыз тыныш қарап отыра аламыз.  Қайғыларына ортақпыз.

Ал Жамбыл облысының жұрты түрік еліне 120 тонна гуманитарлық көмек жеткізуді көздейді.  Олар жүк көліктерін алты жерге қойған. Белсенді азаматтар алты көлікті екі күннен кейін жолға шығарады. Қазір сонда керек-жарақтың бәрі жинастырылып жатыр. Ешкім аянып қалып жатқан жоқ. Тиелген тауар алдымен Алматыға жеткізіліп, содан ары зардап шеккен елге жөнелтіледі. Ұйымдастырушылар Түркия елшілігімен де келісіп қойыпты. 

Ислам Бишлиев, Байзақ ауданының тұрғыны:

- Түркия консулдығымен хабарластық, бізге ұшақ беретін болды. Екі мың адам жиналды. Ақша жинап, бір есепшотқа жіберді. Ең қажет заттрады алып, соны жіберейік дедік.

Ал Қарағанды жастары гуманитарлық көмек жинау пункттерін орталықпен қоса өңірдегі 13 қала мен аудан орталықтарынан бүгін ғана ашыпты. Сондықтан әзірге адам қарасы қалың емес. Олар түрік елінде оқып жатқан қарағандылық студенттерден барлық ақпаратты алып, солар берген тізім бойынша көмек қабылдауға кіріскен. Айтуларынша, мүмкіндігінше Киім-кешектің жаңасы дұрыс. Ескі болса, таза күйінде жеткізілгені абзал дейді.

Рауан Таран, Қарағанды облысы жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы:

- Бірініші кезекте керек ересектер мен балаларға арналған қысқы киім, қысқы куртка, пальто болсын, сондай ақ көрпелер, ұйықтайтын қаптар бар. Балаларға және әйелдерге арналған гигиена құралдары керек болып тұр. Қала тұрғындарынан заттарды жинадық, бірақ жеткізе алмаймыз деген ұсыныс болды. Ол үшін бізде арнайы Газель көлігі бар, біз оны алып кете аламыз.

Қарағанды жастары гуманитарлық көмектің бірінші легін келесі аптаның аяғына дейін жинамақ. Содан кейін жүк Астанадағы Түркия елшілігіне жеткізіледі. Ал ақшалай көмек берем деушілерге арнайы есепшот ашылып, жария етіледі. Оған түскен қаражаттың тең жартысын Сирияға жөнелту жоспарланған.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде