Түркия мен Сирияда адамдарды үйінді астынан шығарып жатыр
Түркия мен Сириядағы жер сілкінісінің құрбандары 17 мыңнан асты. Қос мемлекетте жараланған адам саны 70 мыңға жуық. Құтқарушылар үш күннен бері үйіндінің астында тірі қалған адамдарды шығарып жатыр.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
09.02.2023
Зілзаладан зардап шеккендерді табуға иісшіл иттер мен арнайы техника да тартылған. Жергілікті тұрғындар да іздестіру жұмысына атсалысуда. Апат аймағына барған Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған қираған қалаларды қалпына келтіруге бір жыл кететінін жеткізді.
Түркияда құтқарушылар үш күннен бері іздестіру жұмысын жүргізіп жатыр. Олар күн-түн демей үйіндінің астында аман қалған адамдарды шығаруға барын салуда. Туыстарын іздеп шарқ ұрғандар өте көп. Жергілікті тұрғындар да жер-жерден келген құтқарушыларға қолдан келгенше көмектесіп жүр.
Қираған ғимараттардың ішінен тірі табылып жатқан жандар әлі де бар. Солардың бірі Хелен есімді сегіз айлық сәби. Көрер жарығы бар нәресте 68 сағат бойы бетонның астында жатқан.
71 сағат қараңғы әрі суық жерде отырған кішкентай Ахметті де құтқарушылар алып шықты. Іздестіру бригадасы қирандылардың арасынан әйел мен оның үш бірдей баласын да тапты.
СИРИЯ
Туған інісін қорғап жатқан жеті жасар қыздың видеосы да әлеужеліге шарлап кетті. Сириядағы зілзаладан кейін дәрменсіз күйге түскен кішкентай балаларға дер кезінде көмек көрсетілді.
ТҮРКИЯ
Осындай оқиғалар өте көп. Бірақ техника тапшылығы құтқарушылардың жұмысын қиындатып тұр. Өйткені арнайы крансыз үйілген бетондарды қолмен аршу оңай емес. Апат аймағына апаратын кей жолдың бұзылуы да жығылғанға жұдырық болған.
Соңғы дерекке сүйенсек, жер сілкінісінен кейін Түркия мен Сирияда қаза тапқан адам саны 17 мыңнан асты. Зілзаладан зардап шеккендер жетпіс мыңға жуықтайды. Қос мемлекетте бас-аяғы алты мыңнан астам ғимарат опырылып ортасына түскен. Күні кеше апат ошағына барған Түркия президенті үйсіз далада қалған тұрғындарды уақытша қонақ үйлерге орналастырып, жаңа үйлер бой көтеретінін жеткізді. Режеп Тайып Ердоған тас-талқаны шыққан қалаларды бір жылда қалпына келтіреміз деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!