{metadescription}
Алматыда үй сапасы қандай, зілзалаға төтеп бере ала ма?
Алматыда үй сапасы қандай, зілзалаға төтеп бере ала ма?

Алматыда үй сапасы қандай, зілзалаға төтеп бере ала ма?

Түркия мен Сириядағы зілзаладан кейін Алматыдағы ғимараттарға сейсмикалық аудит жүргізілетін болды. Қаладағы үйлердің жер сілкінісіне қаншалықты төзімді екені тексеріледі.

Өйткені осыдан бір-екі жыл бұрын Алматыда жаңа тектоникалық жарықтар пайда болған. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев мәлімдеді. Жалпы бүгінге дейін тұрғызылған баспаналардың сапасы қандай? Олар айтып келмейтін апатқа шыдас бере ала ма?

Түркия мен Сириядағы зілзаладан кейін көптің көкейінде жүрген сұрақ осы. Өйткені бізде миллиардтарға салынып, қит етсе құлап қалатын құрылысқа етіміз үйреніп те қалған. Ал Оңстүстік астана халқының саны көбейіп жатқан соң, сәйкесінше, бәріне баспана қажет. Сұранысты қанағаттандыру үшін құдды бір құмырсқаның илеуіндей қабаттастырып үй тұрғызса, өзгелері сонау өткен ғасырдың ортасында бой көтерген ескі баспана. Әрі бұл қала сейсмикалық қауіпті аймаққа кіреді.

Бұл аздай, бүгін тұрғындармен кездескен Алматының әкімі Ерболат Досаев қалада жерасты қабаттарының ажырап жатқанын айтып жұртты тағы бір үркітіп алды. Дегенмен ол шаһардағы барлық ғимарат сейсмикалық талаптарға сай деп отыр. 

Ерболат Досаев, Алматы қаласының әкімі:

Осы жылдың екінші жартысында қаланың жаңа сейсмикалық аудитін бастаймыз. 2020-2021 жылдары Алматыда жаңа тектоникалық жарықтар пайда болған. Бас жоспарда барлық қажет сейсмикалық талаптар және мұндай жарықтар ескерілген. Абай көшесінен жоғары жағы 10 балл, одан төмені 9 баллдық аймақта орналасқан.

Расында да мамандар 2017-2018 жылдары Алматыдағы 10 мыңнан аса ғимаратты паспорттаудан өткізген. Әр баспананың жеке құжаты бар. Оның ішінде үйдің неден салынғаны, қашан тұрғызылғаны, жер сілкінісіне төзімділігі жазылған. Сол тексерістен кейін қалада бір мың үй апатты деп танылыпты. Қалған 9 мыңы құрылыс нормаларына сай болып шыққан. Алайда қазір бәрін бірдей жойқын жер сілкінісіне төтеп бере алады деп айту қиын. Өйткені кейбір тұрғындар үйінің қабырғасын бұзып, пәтер жоспарын өз қалауынша өзгертіп тастаған. Ал ондай үйлердің сілкініске шыдас беруі екіталай.

Ералы Шоқпаров, «ҚазҚСҒЗЖИ» АҚ басқарушы директоры:

Кеңес үкіметінде салынған панель үйлер зілзалаға төзімді деп саналады. Бірақ сол үйдегі тұрғындар өзіне қиянат жасап жатыр. Өйткені есікті теседі, көп жағдайда ешкімге хабарласпай, өзі тесіп, ас үйден тұрғын үйге кіруге есікті теседі. Ол жерде күшейту жұмысын жасамайды. Осындай үйлер көп.

Қазақстан құрылысшылар қауымдастығы 2006 жылдан кейін жаңа талаптарға сай үйлер жер сілкінісіне төзімді дейді. Ал оған дейін тұрғызылған баспаналарды бір тексерген жөн деп отыр.

Виктория Тен, Қазақстан құрылысшылар қауымдастығы президентінің орынбасары:

- Кезінде салынған ғимараттарды тексеру керек. Егер нормативтен ауытқыса, қайта қалпына келтіру қажет. 2017 жылы бекітілген сейсмикалық аймақтардағы құрылыс ережесі бар. Сол ережеге сай құрылыс алаңдарын таңдаймыз, топырақты зерттейміз, іргетастың орналасуына қараймыз.

Ал сәулетшілер жобалауға тиісті уақыт пен қаражат бөлінбейді деп шыр-пыр. Соның кесірінен қалада сапасыз әрі бір-біріне өте тығыз салынған үйлер салынып жатыр дейді.

Айдын Ақбай, сәулетші:

Өкінішке қарай, бізде жобалау кезеңіне өте аз уақыт береді. Сондайа, қаржыландыру жағы да өте төмен. Мәселен, Жапонияда құрылысқа бөлінген қаржының 15 пайызы жобалауға бөлінеді. Ал Қазақстанда бір пайыздан аспайды. Егер үйлеріміздің шетелдегі баспаналар сияқты сапалы болғанын қаласақ, онда жобалауға тиісті бюджет пен көбірек уақыт беру керек.

Сайып келгенде, мамандардың айтуынша төрт-бес қабатты құрамалы қаңқалы, темірбетон қаңқалы және жоспары өзгеріссіз қалған панель үйлер зілзалаға төзімді. Ал құрылыс нормасына сай емес кірпіштен тұрғызылған және ағаш үйлер жойқын жер сілкінісінде құлап қалары сөзсіз. Дегенмен қазіргі үйлердің айтып келмейтін апатқа нақты қаншалықты төтеп бере алатыны тексерістен кейін белгілі болады.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде