{metadescription}
Түркияда қиранды астында қалған отандастарымызды іздеп жатыр
Түркияда қиранды астында қалған отандастарымызды іздеп жатыр

Түркияда қиранды астында қалған отандастарымызды іздеп жатыр

Түркиядағы жойқын зілзаладан кейін қиранды астында қалған отандастарымызды іздеу жалғасуда. Олардың не өлі, не тірі екені әлі белгісіз. Жерлесіміз Мирболат Құрмашевтің туған інісі қазір Хатай провинциясындағы апат ошағында жүр.

Іздеуге біздің құтқарушылар да жұмылдырылған. Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері отырған екінші ұшақ апат аймағына кеше жіберілген болатын. Ал сол борт қайтарда 64 адамды елге жеткізді.

Үміт пен күдік арпалысқан екінші тәулік. Түркиядағы зілзаладан кейін із-түзсіз жоғалған отандастарымыздың алты қабатты үйдің қирандысының астында қалғаны анықталды. Құтқару үзіліссіз жалғасып жатқанымен, Мирболат Құрмашев пен Әділ Қадырбековке қатысты әзірге тың ақпарат жоқ.

Кеше кешкісін құтқарушылар тағы бір отандасымыз Сәбина Мамадиярованы үйіндінің астынан аман-есен алып шыққан. Көрер жарығы бар бойжеткеннің үстіне шкаф құлап, денесін түгелдей көлегейлеп қалған екен. Сәбина Мирболат пен Әділдің әріптесі. Барлығы табиғи апат болардан бірер күн бұрын Хатай қаласына барған. Ал олардың қасындағы Құбылай есімді түрік азаматының, өкінішке қарай мәйіті табылды.

- Мына қираған үйде зілзала болар түні Мейірболат, Әділ, Сабина мен Құбылай болған. Сабинаны құтқарушылар осы жерден алты метр тереңдіктен алып шықты. Мейірболат пен Әділ де жобамен осы маңайда болуы керек. Құтқарушылар ары қарай өте алмады. Мына қирандылар кез келген уақытта опырылып түсуі мүмкін.

Апат ошағына бауырын іздеп барған Алмат Құрмашев іздеу жұмыстарымен  әлеуметтік желіде бөлісіп отыр. Отандасымыз қиранды астында қалған адамдарды құтқаруға техника жетіспей жатқанын айтып дабыл қағуда. Қазір ол жақта әр сағат, минут түгелі, секунд құнды. Уақытпен санаспай амалсыз қолмен қазуға мәжбүр.

Алмат Құрмашев, М. Құрмашевтің інісі:

- Бізге 70 тоннаны көтеретін кран керек. Одан кейін FPV дроны немесе камерасы бар, қашықтан басқарылатын аппарат қажет. Оны ғимараттың төбесіне ұшырып, қалай жетуге болатынын көру керек. Тыңдау үшін тепловизор, дыбыс жабдықтары қажет. Осыны беретін таныстарыңыз болса, алғыс айтар едік.

Ал бүгін түс ауа еліміздің төтенше жағдайлар министрлігінің бір топ құтқарушысы Хатай провинциясына барып, сол жақта жоғалған отандастарымызды іздеуге кіріскен. Жалпы ресми хабарламада жер сілкінісі болған аймақтарда жұмыс істеп жатқан қазақстандық құтқарушылар жалпы саны 4 адамды үйіндінің астынан аман-есен алып шығыпты.

Өткен түнде қазақстандықтардың екінші легі Түркиядан елге оралды. Кеше жер сілкінісінен зардап шеккендерге қосымша көмек көрсету үшін төтенше жағдайлар министрлігі мамандары мінген рейс Газиантеп қаласына жеткен болатын. Қазақстанның Түркиядағы елшілігі сол елдегі отандастарымызға кері рейспен елге қайтуға көмектесті.

ҚР Сыртқы істер министрлігі:

- ИЛ-76 ұшағымен 64 адам 42 қазақстандық және 22 қырғызстандық Астанаға жеткізілді. Елге оралған азаматтар Газиантеп, Мерсин, Кахраманмараш, Диарбакыр, Шанлыурфа және Элязык провинцияларынан келген.

Бұған дейін Түркияның Газиантеп қаласынан Қазақстанның 16 азаматы арнайы бортпен Астанаға ұшып келген. Сыртқы істер министрлігі Түркияда 75 мыңға жуық Қазақстан азаматы болуы мүмкін деп отыр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

22 қараша

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде