Павлодар облысында балық құтқару жұмысы басталды
Павлодар облысында балық құтқару жұмысы басталды. Себебі, аязда өңірдегі өзен-көлдердің бетіне қалың мұз қатқан. Су жәндіктеріне оттегі жетіспей жатыр. Балық қырылып қалмас үшін инспекторлар қалың мұзды ойып, арнайы қондырғылармен су түбіне ауа жіберуде.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
10.02.2023
Таң атпай Черное көлінде адам қарасы көп. Бірақ олар балық аулауға емес, құтқаруға келген. Балық шаруашылығы инспекторлары қалың мұзды арнайы қондырғымен ойып, су астына оттегі жібермекші. Биыл қыста аяз қатты болып, көл суы түбіне дейін сіресіп қатып қалған.
Василий Павлов, Зайсан-Ертіс облысаралық балық шаруашылығы бассейн инспекциясының бас маманы:
- 2022 жылы су деңгейі азайып, көл таязданып кеткендіктен, қыста су тұтас қатып қалды. Бұл су асты жәндіктеріне қауіпті. Өзенкөлдерді аэроциялау шарасын өткізбесек, балық қырылып қалуы мүмкін.
Инспекторлар мұз астына ауа жіберу үшін бірнеше жерден насос орнатты. Қайткен күнде, балық тыныс алатын жағдай жасау керек. Мұздағы ойықтар қайта қатып қалмауы үшін қамыс пен қураған шөп тығындап қоюда.
Қуат Тұрсынханов, «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС қызметкері:
- Біз келгенде мұз астындағы ауа мүлдем болған жоқ. Қазір осы шараларды атқару арқылы оттегінің бірнеше есе көтерілгенін көріп тұрмыз. Балықты сақтап қалу үшін осы жұмысты басқа да көлдерде жалғастыруымыз керек.
Балық құтқару жұмысы балық шаруашылығы инспекторларының міндеті емес екен. Жергілікті билік мұны жақсы біледі. Соған қарамастан инспекция мамандары өңірде дәл осындай ірілі-ұсақты 50-ден аса өзен-көлде су жәндіктеріне оттегі жіберу жұмысын атқарып жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!