Түркиядағы зілзалада тағы бір отандасымыз жоғалып кетті
Түркиядағы жер сілкінісінен кейін жоғалған тағы бір отандасымыз іздестіріліп жатыр. Кахраманмараш қаласында тұратын Жанар Жақсыбековадан төрт күннен бері еш хабар жоқ. Ал күні кеше үйіндінің астынан табылған Әділ Қадырбеков пен Мирболат Құрмашевтың денесі елге ертең жеткізіледі.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
10.02.2023
Марқұмдарды Қазақстанға әкелу шығынын мемлекет мойнына алады деді сыртқы істер министрлігінің өкілі. Жалпы апат аймағынан бас-аяғы 124 жерлесіміз қауіпсіз жерге көшірілген. 58 адам Қазақстанға оралыпты.
Түркиядағы жер сілкінісінен кейін тағы бір отандасымыз жоғалып кетті. Кахраманмараш қаласында тұратын Жанар Жақсыбековамен туыстары төрт күннен бері байланыса алмай отыр екен. Сыртқы істер министрлігі хабар-ошарсыз кеткен қазақстандықты іздестіру басталғанын жеткізді.
Айбек Смадияров, ҚР СІМ ресми өкілі:
- Қазақстанның тағы бір азаматы әлі күнге дейін хабарошарсыз кетті деп есептеліп отыр. Ол 6 ақпанынан бері байланысқа шықпады, тұратын жері Кахраманмараш қаласы. Әпкесі министрліктің "жедел желісіне" хабарласқаннан кейін оның іздеу жұмыстарын бастадық. Қазіргі Қазақстан елшілігінің қызметкері осы қалаға барып, түрік құтқарушыларымен бірлесіп іздестіріп жатыр. Көршілерінің айтуынша, үй қираған кезінде ол ішінде болған.
Ал күні кеше үйіндінің астынан табылған Әділ Қадырбеков пен Мирболат Құрмашевтың денесін елге ертең әкеледі. Аstana Hub технопаркінің халықаралық агенті, ІТ маманы Мирболат Құрмашев, Әділ Қадырбеков пен Сабина Мамадьярова жұмыс бабымен зілзалаға дейін бір күн бұрын Хатай қаласына барған. Содан кейін олармен байланыс үзіліпті. Із-түзсіз кеткен соң Мирболат Құрмашевтің інісі мен ерікті топ қазақстандықтарды іздеу мақсатында апат аймағына аттанған болатын. Сабина екі күн бұрын қираған ғимараттың астынан тірі табылды. Оның қолы сынған. Қалған екеуінің соңғы демі үйіндінің астында үзіліпті.
Айбек Смадияров, ҚР СІМ ресми өкілі:
- Отандастарымыздың денесі 11 ақпанда Анталия Алматы тұрақты рейсімен жеткізіледі. Бар шығынды мемлекет өз мойнына алады. Жер сілкінісінен аман қалған Сабина Мамадьярованың жағдайы бойынша. Ол Адана қаласының мемлекеттік ауруханасында екені белгілі. Кеше жараланған қолына ота жасалды, жағдайы тұрақты.
Ал күні кеше үйіндінің астынан табылған Әділ Қадырбеков пен Мирболат Құрмашевтың денесін елге ертең әкеледі. Аstana Hub технопаркінің халықаралық агенті, ІТ маманы Мирболат Құрмашев, Әділ Қадырбеков пен Сабина Мамадьярова жұмыс бабымен зілзалаға дейін бір күн бұрын Хатай қаласына барған. Содан кейін олармен байланыс үзіліпті. Із-түзсіз кеткен соң Мирболат Құрмашевтің інісі мен ерікті топ қазақстандықтарды іздеу мақсатында апат аймағына аттанған болатын. Сабина екі күн бұрын қираған ғимараттың астынан тірі табылды. Оның қолы сынған. Қалған екеуінің соңғы демі үйіндінің астында үзіліпті.
Айбек Смадияров, ҚР СІМ ресми өкілі:
- Түркиядағы дипломаттарымызға қоңыраулар мен өтініштер түсіп жатыр. Олар осы бірнеше күн ішінде 150-ден астам отандасымыздың орналасқан жерін анықтап, Қазақстандағы туыстарымен байланыс орнатуға көмектесті. Өңірдегі ауыр жағдайды, байланыстың болмауы немесе байланыстағы қиындықтарды ескере отырып және азаматтарымызға қажет көмек көрсету үшін дипломаттар апат аймақтарына, атап айтқанда, ең көп зардап шеккен Газиантеп, Антакья және Кахраманмараш қалаларына барды.
Жалпы, апат аймағынан 124 Қазақстан азаматы басқа жерге көшірілді. Осы күнге дейін Түркиядан бас-аяғы 58 отандасымыз арнайы бортпен елге оралған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!