{metadescription}
Петропавлда оқушы мектепке балта мен пышақ әкеліп шабуыл жасаған
Петропавлда оқушы мектепке балта мен пышақ әкеліп шабуыл жасаған

Петропавлда оқушы мектепке балта мен пышақ әкеліп шабуыл жасаған

Оқу орнындағы оқыс жағдай. Петропавлда 9-сынып оқушысы мектепке балта мен пышақ әкеліп, балаларға шабуыл жасаған. Үш оқушы жараланды. Бетперде киіп, жан-жағына балта сілтеген жеткіншекті өзімен қатарлас балалар тоқтатып, ұстаздарына хабар берген.

Қазір басы мен иығынан жараланған екі оқушы облыстық аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Мектептегі төтенше оқиғаға қатысты тергеу басталды.

Оқиға бірінші ауысымның сабағы басталар кезде болған. 15 жастағы оқушы балта мен пышақты сөмкесіне салып алып келіпті. Тіпті дәретханаға кіріп, басына бетпердені киіп алған. Сөйтіп жайбарақат жиналып тұрған балаларға тап береді. Қолындағы балтасымен бастан дәлдеп ұрып үш оқушыны жарақаттаған. Мектептің іші азан-қазан болып, қарулы жасөспірімді балалар әрең тоқтатты.   

Қайсар Әбішев, Петропавл қаласы прокурорының орынбасары:

- Ол кәмелетке толмаған бала полиция қызметкерлерімен қамауға алынды. 99 бап бойынша қылмыстық іс қозғалды. Барлығы анықталады, сот шешім қабылдайды.

Қамауға алынған жеткіншек жайлы жан-жақты тексеріс жүріп жатыр. Жасөспірімнің денсаулығында кінәраты болғанға ұқсайды. Ол 2021 жылы «депрессия» диагнозымен психдиспансерде ем алған екен.

Алмагүл Қасымова, Петропавл қаласындағы  №4 мектеп директорының орынбасары:

- Емделіп келген соң психолог онымен жұмыс істеп жүрді. Және де ол балалардан ешқандай қиындық көрген жоқ. Өз-өзімен оқып, ақырын жүре берген бала.

Ақырын ғана жүрген баланың дәл қазіргі психологиялық денсаулығы қалай екені әзірге белгісіз. Ал жансақтау бөлімінде жатқан оқушыларға ота жасалған.

Галина Бейсекеева, зардап шеккен оқушының анасы:

- Маған телефон шалып, мектепте оқыс оқиға болды деді. Баламның басынан балтамен ұрғанын айтты да, бәрі жақсы болады деп жұбатты. Жедел жәрдем келіп алып кеткен. Қазір ота жасалып жатыр, баламды әлі көрген жоқпын.

Қазір мектепте құзырлы органдар тексеріс бастады. Балалар арасында өзара кикілжің болды ма, жоқ па, оны тергеу анықтайды. Ал қару әкелген жеткіншектің психологиялық ауытқуы болса, ол неге жалпы білім беретін мектепте оқып келді деген сұраққа жауап медициналық сараптамалардан кейін белгілі болады.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде