{metadescription}
Жер сілкінісінен зардап шеккен аймақтарда тонаушылар көбейген
Жер сілкінісінен зардап шеккен аймақтарда тонаушылар көбейген

Жер сілкінісінен зардап шеккен аймақтарда тонаушылар көбейген

Қазақстандық құтқарушылар тонаушыларға бола Түркиядан жақын арада қайтпайды. Жер сілкінісінен зардап шеккен аймақтарда тонаушылар көбейе бастаған. Бұзақылар ұрлықтан бөлек, өзара қақтығысып, тіпті оқ атқан.

Осыған орай Израиль, Австрия және Германиядан барған іздестіру-құтқару жасақтарының мүшелері өз еліне кері кетіп жатыр.

Ал әзірге елімізден аттанғандар ондай жағдайға тап болмады дейді төтенше жағдайлар министрлігі. Сол себепті жұмыстарын жалғастыра бермек. Түркия мен Сириядағы табиғат апатынан қаза болғандар саны 33 мыңнан асып кетті. 

Біреуге жан, біреуге мал қайғы. Түркияға 70 мемлекет көмек қолын созып жатқанда жау іштерінен шығуда. Онда бір күннің өзінде жүзден аса адам мародерлік жасағаны үшін қамауға алынды. Тіпті тонаушылар құтқарушылардың жұмысына кесе-көлденең тұрып, оқ атып қауіп төндірген. Біздің құтқару жасағы жұмыс істеп апат аймағында мұндай жағдай болмаған соң елге қайтуға негіз жоқ дейді төтенше жағдайлар министрлігінің өкілі.

Қаһарман Оразалин, ҚР ТЖМ Төтенше жағдайларды жою департаментінің бастығы:

- Бүгінгі таңда төтенше жағдайлар министрлігі тобы Газиантеп және Нұр қалалары бойынша іздестіруқұтқару жұмысын жалғастыруда. Қазіргі уақытта жеті адам құтқарылды. 67 мәйіт шығарылды. 60-тан астам зардап шеккендер мен науқастарға медициналық көмек көрсетілді. Жылыту пункттерінде 200-ден астам адам орналасты. Апаттан құтқару жұмысы жалғасуда.

Құтқару жұмысы бір аптадан бері бір сәтке де тоқтаған емес. Кірпік қақпай жұмыс істеп жатқан  жасақтар үйіндінің астында аман қалған адамдарды шығаруға барын салуда. Әсіресе туыстарын іздеп шарқ ұрғандар өте көп. Мына азамат та бүтін бір отбасынан айырылғанына сенгісі жоқ. Жанұясындағы 15 адамнан қалғаны ағасы екеуі ғана.

- Қазір ештеңе сезіне алмай аңтаң күйдемін. Отбасымнан айырылдым дегенге сенгім келмейді. Тірі табылатынына сенімім мол. Олар үйінді астында мерт болған болса, біз де тірі қалмас едік деп жұбатамын өзімді.

Тас-талқаны шыққан ғимарат ішінен тірі табылып жатқан жандар әлі де бар. Бүгін Қахраманмараш қаласынан құтқарушылар үш жасар баланы аман алып шықты. Періштесі қаққан нәресте 158 сағат бойы қирандының астында жатқан. Дәл осылай алты тәулік зілзаладан зардап шеккен бір азамат та жаралы күйде табылды.

Түркияға елімізден жіберілген жасақтан бөлек, өзге отандастарымыз да қолынан келген көмекті беріп жатыр. Мунирам Ахметова осыдан бір ай бұрын бауырлас елдегі студент баласына барған. Қазір төтенше жағдайға байланысты сонда ерікті ретінде гуманитарлық көмек көрсетіп жүр. 

Мунирам Ахметова:

- Қазір мен Мерсинда, Адананың жанында Түркия қаласында. Бірақ мынау проблемамен жәрдем беру үшін қалдық. Мына жердегі мектептерде, жатақханаларда проблема болған жерден алып келеді. Мына жерге алып келіп тамақ береді, киім береді. Балалар ғана емес, атааналары да бар. Құлаған кісілер бар. Тамақ беріп, киімін ауыстырып, мына жерден басқа қалаға жібереді.

Соңғы дерекке сүйенсек, жер сілкінісінен кейін Түркия мен Сирияда қаза тапқандар 33 мыңнан асты. Бүгінде зілзаладан үй-күйсіз қалғандар уақытша жатақханаға жайғастырылған. Суықта далада түнеп жатқаны да бар.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

08 қараша

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде