Түркия, зілзала: Шатыр, генератор, жылытқыш, көрпе жетпей жатыр
Зілзаладан зардап шеккен аймақтарға шатыр, генератор, жылытқыштар мен көрпе жетпей жатыр. Түркияның Қазақстандағы елшілігі киім-кешектен бөлек, дәл қазіргідей суықта пана болатын жылы жамылғыштар ауадай қажет екенін айтады.
Автор: Айғаным Достанбай
13.02.2023
Сондықтан алдағы уақытта гуманитарлық көмек қолын созам деушілер жоғарыда аталған тізімге басымдық беруін сұрап отыр.
Махмут Байрам Шевкет, Түркияның Қазақстандағы елшілігінің коммуникациялар жөніндегі кеңесшісі:
- Мына қолымдағы құтыны кішкентай бір қыз бала алып келді. Мұны сіздерге аманаттайын деп едім дейді. Осы қораптың ішіне жинаған ақшасын Түркиядағы өзі секілді кішкентай балаларға апарып беруді өтінді. Мұндай ниеті таза балалардың болашағы жарқын боларына сеніміміз арта түсті. Біз қазақ пен түрік халқының рухы мықты. Біз құлаған жерімізден, аяғымызға қайта нық тұрамыз. Мұндай ауыр күндерді иық тіресе, бірге, артта қалдырамыз.
Елшілік ғимаратының алдында көлік нөпірі толастаған емес. Бауырлас елге көмек қолын созам деп келгендердің қарасы қалың. Киім-кешектер мен өзге де тұрмыстық қажет заттарды күн-түн демей тасымалдауда. Ал Түркияның Қазақстандағы елшілігінің бастамасымен ашылған жәрдем шотына да ақшалай аударымдардың легі үзілген емес дейді мұндағылар. Дәл қазір шотқа бір миллион 300 мың доллар шамасында ақша жиналған.
Ербол Бихалық, Binom school директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:
- Осы жағдай болғаннан кейін үштөрт күн бұрын үндеу тастаған болатынбыз. Ата-ана, оқушылар, мұғалімдердің атынан осы үш-төрт күнде балалар жиналып, елшілік алдында келіп тұрған жайымыз бар. Бауырларымызға көмектесу мақсатында. Жылы көрпе, жылы киім, қыстық киім, негізінен біз оқушыларға, ата-аналарға өтініш айттық, барлығы жаңа, қолданылмаған болса деп.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!