Мектептерге лицензиясы бар күзет қою мәселесі көтерілді
Петропавлдағы оқыс оқиға болған мектептің күзетшісі зейнеттегі әйел екен. Оқушылар қауіпсіздігін қамтамасыз етуді Үкімет жергілікті атқарушы органдарға өткен жылы тапсырған.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
14.02.2023
Петропавлдағы жағдайдан басталған бүгінгі Үкімет отырысында да білім ошақтарына егде жастағы вахтер емес, лицензиясы бар күзет қою мәселесі көтерілді. Сондай-ақ бейнебақылау камералары да көбейтіліп, кіреберісте турникет орнатылу қажет.
Ал қазір елдегі барлық мектептің қауіпсіздігін арнайы құрылған комиссия тексере бастады. Оқушысы балта мен пышақ алып келіп балаларға шабуыл жасалған Петропавлдағы мектептің іші-сыртында 42 бейнебақылау камерасы,бес дабыл нүктесі бар. Бірақ одан да пайда болмаған. Өйткені оқиға болған кезде мектептің бірінші қабатында күзетші-вахтер отырыпты. Суық қаруы бар жасөспірімді жоғары сынып оқушылары тоқтатпағанда, жағдай бұдан да қиын болар ма еді. Жалпы мектептердегі қауіпсіздік шарасын күшейту тек бүгін айтылып отырған мәселе емес.
Алтай Көлгінов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
- Біз бұрынғы тәжірибені ескеретін болсақ, бұрын зейнетке шыққан адамдар отыратын қарауыл болып.Ол әлі де бар шалғайдағы мектептерде бар. Тапсырма өткен жылы да берілді, биылдың басында да берілді.Бұрынғыға қарағанда едәуір жақсарды.Бірақ әлі де кемшіліктер бар. Оны әкімдік, білім беру басқармалары, мектеп директорлары қамтамасыз ету қажет.
Балалар қауіпсіздігі бірінші орында болуға тиіс. Ол үшін қаражат жеткілікті дейді Алтай Көлгінов. Шынымен де, Петропавл қаласындағы мектептерге осы мақсатқа 1,5 жыл бұрын миллиондаған қаржы бөлінген.
Нәзір Жәшібеков, СҚО білім басқармасының басшысы:
- Қала бойынша 100 милион теңге бөлінген. Осы ақшаға арнайы мамандандырылған күзетпен қамтамасыз етеміз.Осы қаражат жоспар бойынша екі жылға бөлінеді. Негізінде бұйрық 2021 жылдан бастап шықты. Бұйрық шыққаннан кейін сол жоспар құрылды.
Мектепке қаруланып келген оқушы бетперде киіп шабуыл жасаған кезде де балаларды қорғайтын адам табылмаған. Иығына, басына екі рет балта тиген екі оқушы әлі ауруханада жатыр. Сондықтан бұл жағдайды жәй оқыс оқиға деп қоя салмау керек дейді қоғам белсенділері.
Закиржан Мамлютов, Петропавл қоғамдық кеңесінің мүшесі:
- Қазір түрлі қызмет пен құзырлы орган тексеруді бастайды. Бір аптадай шулаймыз. Одан әрі не болады? Бәрі ұмытылады.Бұны қоғаммен бірлесе шешу керек. Бәріміз не болып жатқанын білуге тиіспіз. Неге бұлай болды? Қандай себеп? Әйтпесе бұрынғы тексерістер сияқты жылы жауып қоя салады.
Мектепке балта мен пышақ әкелген бала қазір уақытша ұстау изоляторында отыр. Ал ол жаралаған екі оқушы қаладағы емхананың станционарында жатыр.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
- Денсаулық сақтау министрлігі зардап шеккен балаларды емдеуді ерекше бақылауға алсын. Оқуағарту министрлігі, ішкі істер және төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп қауіпсіздік сабақтарын әзірлеу қажет. Балалар әртүрлі жағдайда өзін қалай ұстау керек екенін нақты білуге тиіс.
Төтенше жағдай болған Петропавлдағы № 4 мектептің оқушылары кешеден бері қашықтан оқып жатыр. Ертеңнен бастап сыныпқа оралады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!