Құтқарушылардың еңбекақысы 70 пайызға дейін көтеріледі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Ақмола облысында жүр. Ауыл шаруашылығы өз алдына, аграрлы һәм өнеркәсіпті өңір бүгінде елдегі жалпы ішкі өнімнің 10 пайызын қамтамасыз етіп отыр.
Автор: Айғаным Достанбай
14.02.2023
Президент сапарын Азаматтық қорғау академиясынан бастағаны да тегін емес – төтенше жағдайлардан қорғау саласы бойынша маман даярлайтын еліміздегі жалғыз жоғары оқу орны. Бауырлас Түркия жұртының басына түскен трагедия құтқарушыларға деген құрметті еселей түскендей. Академия жыл сайын 150-ден астам офицер даярлап шығарады. «Жұртымыз түрлі қауіп-қатерге әрдайым дайын болуы керек. Сондықтан осы салада қызмет етіп жүрген мамандардың еңбегі елімізге өте маңызды» - деген президент, құтқарушылардың еңбекақысын биылдан бастап, 10-нан 70 пайызға дейін көтеруді тапсырды. Сондай-ақ академияның жаңа оқу ғимараты мен жатақханасын салуға жер телімін бөлуді міндеттеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Күзде еліміздің бірнеше аймағы алапат өрттен зардап шекті. Сын сағатта тұрғындарға алдымен құтқарушылар көмекке келді. Менің тапсырмаммен бауырлас Түркия еліне құтқарушылар мен дәрігерлер жіберілді. Олардың арасында Ақмола облысының мамандары да бар. Яғни 18 адам. Біздің құтқарушылар бірнеше адамды аман алып шықты. Түркиядан аманесен оралған соң, оларды міндетті түрде марапаттайтын боламыз.
Мемлекет басшысы медицина саласының ардагерлерімен және жас мамандарымен де әңгімелесті. Сондай-ақ Көкшетаудағы Сарыарқа шағын ауданының құрылысымен танысты. Ал өңірдегі жылдық өндіріс қуаттылығы 2,4 мың тонна жылыжайда қазір замануи технологиямен қияр, қызанақ, бұрыш және басқа да көкөністер жайқалып тұр. Кешеннің жалпы ауданы 5 гектар. Бұл жердің өнімдері қазір толығымен Қазақстанның ішкі нарығын қамтып отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!