Түркия мен Сириядағы зілзаладан қаза тапқандар саны 37 мыңнан асты
Түркия мен Сириядағы зілзаладан қаза тапқандар саны 37 мыңнан асты. Күн өткен сайын қиранды астынан адамдарды тірідей табу мүмкіндігі де азайып жатыр. Бүгін үйінді астынан көрер жарығы бар үш адамды құтқарушылар ауыр халде шығарып алды.
Автор: Салтанат Шырынхан
14.02.2023
Оның біреуі – Адыяман, екі ағайынды Қахраманмараш провинциясында 198 сағат бойы құлаған ғимараттың астында жатқан. Үшеуіне де алғашқы көмек көрсетіліп, ауруханаға жатқызылды.
Бүгін Түркияның Газиантеп провинциясындағы жер сілкінісінен қатты зардап шеккен Нұрдағы қаласы толық сүрілетін болды. Бұл туралы губернатордың міндетін атқарушы Осман Билгин жергілікті NTV телеарнасында мәлімдеген. Онда қазір іздеу-құтқару жұмысы әлі де жалғасып жатыр. Үйінділердің астында адамдар болуы мүмкін деген соңғы сегіз үй қалыпты. Содан кейін қала барлық қоқыстан тазартылып, қайта салынады деп жоспарлануда. Елімізден аттанған құтқарушылар да бір апта ішінде 7 адамды құтқарып, 85 адамның мәйітін шығарған. Оның 10-ы – балалар.
Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша зілзаладан зардап шеккендерге қосымша гуманитарлық көмек ретінде шатырлар, жылытқыштар, жылы киімдер жіберіледі. Түркия жұрты қиын-қыстау уақытта қол ұшын берген бауырлас елдің қамқорлығына ризалығын жеткізуде.
Әзиз Бей, ерікті:
- Басымызға түскен ауыр күнді ешкімге де тілемейміз. Қиын сәтте бізбен бірге қайғырып, қол ұшын созып жатқан баршаңызға алғысымыз шексіз. Қазақстан да алғашқы болып құтқарушыларын жіберді, гуманитарлық көмек те көрсетті. Алла разы болсын!
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!